Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«ҚазМұнайГаз» ресейлік компаниялармен бірігіп Каспий мұнайын барлайды

AstanaTV
29.06.2016ж. 20:00
1211
«ҚазМұнайГаз» ресейлік компаниялармен бірігіп Каспий мұнайын барлайды

«ҚазМұнайГаз» ресейлік «Газпром» және «Лукойлмен» бірлесе отырып, Каспий теңізінің астындағы мұнайды барлайды. Тиісті жұмыстарды бастау үшін ұлттық компания «Роснедр» агенттігінен 7 жылға лицензия сұрап отыр.

Айта кетейік, Каспийдің солтүстік аумағында орналасқан «Центральное» кен орнында шамамен 90 млн тонна С1 санатты мұнай бар деп болжанған. Әзірге оның 6 млн тоннасы бойынша нақты деректер бар екені дәлелденіп отыр.  Болашақта қалған 84 млн тоннадай бөлігінің барланғаны дәлелденсе, бірлескен өндіріс бойынша 25 жылдық келісім жасалуы ықтимал. 

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі: 

«Центральное» кен орны ол РФ құқығына қарайды. Бірақ біздің жақтан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания 50 пайыз акционер ретінде ол жобаға қатысады. Ресей федерациясы жағынан «Лукойл» мен «Газпром» компаниялары 25 пайыздан қатысады.  

Бүгін Сенат 1998 жылы шілдеде бекітілген Қазақстан мен Ресейдің Каспий түбін бірлесе отырып барлау хаттамасына өзгерістер енгізу құжатын ратификациялады. Бұл жоғарыда айтылған лицензияға қол жеткізу үшін жасалған қадам. Депутаттар "біріккен жобаға Қазақстан тарапы қанша қаржы жұмсайды" деп сұраған. Вице-министр ұлттық компания барлау кезеңінде Ресей заңнамаларына сәйкес салық қана төлейді деп мәлімдеді. Болжам расталып, өндіріс басталған жағдайда ғана, табыс пен дивиденд көлемі туралы әңгіме қозғалатын болады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ