Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Жаңаөзендік азамат қарызға ақша бергені үшін 3 жылға сотталған

Жаңаөзендік азамат қарызға ақша бергені үшін 3 жылға сотталған

Жетімді жебеймін деп жазаланды. 3 жылға бас бостандығынан айырылған Жаңаөзен қалалық пробация бөлімінің, бұрынғы бастығының жақындары осылай деп арнамызға шағымданды. Айтуларынша қоғамдық жұмысқа тартылған азаматқа қарыз беріп, оны қайтарып алған Ғабит Кузамов "пара алды" деп темір торға қамалған. "Жала жапты", "әділдік керек" деген ет жақындары, елордадаға арнайы келіп,  Жоғары сотқа арызданды.

Экс-бастықтан қарыз алған Ержан Сақтағанов былтыр 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Ол жазасын еңбекпен өтеп жүріп, Жаңаөзен қалалық пробация бөлімінің бастығы болған Ғабит Кузамовтан қарызға 40 мың теңге алған. Жетім жігіт «ақшаны жалақымнан қайтарам» деп қолхат жазып беріпті. Келісімге сай ол берешегін екі бөліп төлепті. Бірақ құқық қорғау органдары Ғабит Кузамовты 40 мың теңгені пара ретінде алды деп ұстап, сот 3 жылға бас бостандығынан айырған.  

Ғани КУЗАМОВ, СОТТАЛУШЫНЫҢ АҒАСЫ:

40 мың теңге взятка екі бөліп ешқашан да ешкім алмайды біріншіден. 25 мың теңге айдың басында, 15 мың теңге айдың ортасында. Егер взятка болған жағдайда 40 мың теңгені ешкім де каспиголдына аудартпас еді. 70-80 процент доказательствамыз бола тұра Жаңаөзен қаласының соты ескермей, 3 жыл шешім шығарып жіберді.

Соттың шешіміне қарыз алушы Ержан Сақтағановтың арызы себеп болған. Ол өзіне полицейлер қысым көрсетіп, арызды күштеп жаздырды деп отыр. Тіпті қалған 15 мың теңгені беріп, Ғабит Кузамовқа жіберткізген де өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері дейді. Жаңаөзен қалалық сотында жалған айғақ бергенін айтуға тырысқанымен, сот сөзін тыңдамағанын айтады. Тіпті аппелицияда облыстық сот та құлақ түрмеген.  

Ержан САҚТАҒАНОВ, ҚАРЫЗ АЛУШЫ:

15 сәуір күні сотрудниктер келіп, қорқытып арыз жазғызып алды Кузамовтың үстінен. Яғни, берген қарызымды пара ретінде. Адвокатымнан да бас тартып, өзім жауап беруге қол қойдыртып алды.

Ержанның айтуынша, сот шешімі шыққанша құқық қорғаушылар оны жалдамалы пәтерде қамап ұстаған. Ешкіммен жолықтырмай, сотта алдын ала жазып берген текст бойынша сөйлеуді бұйырыпты. Сотталушының ағасы Ғани Кузамов Ержан Сақтағановқа да адвокат жалдап, шындықты дәлелдеуге тырысып жүр. Алайда тергеу ісіне кедергі келтірдің деп оның да үстінен іс қозғалыпты.

Ераман ӨТЕШОВ, АДВОКАТ:

Бұл іс біржақты қаралды. Кез келген қылмыстық істе сот күмәнді әрі түсініксіз жайттардың бәрін жойып барып, шешім шығаруы тиіс. Ал мына істің шикілігі – сот екі азаматтың арасында  қарыз беру-алу келісімшартының болғанын қолхатқа қарап растай отыра, Кузамовты пара алды деп айыптауы. Бұл нағыз – заң казусы.  


Ғани Кузамов бауырының жетімді жебеймін деп жазықсыз жаза арқалағанына күйінеді. Шындық үшін шарқ ұрып жүрген жаңаөзендік азамат енді тек Жоғарғы соттан әділдік табатынына сенімді.  

А. Съезбек