Режеп Тайып Ердоған Нұрсұлтан
Назарбаевқа ерекше алғысын жеткізді. Түркия президенті, әсіресе, Ресеймен
арадағы 8 айға созылған дауға Қазақстан басшысының арағайындық жасауын жоғары
бағалап отыр. Бұл туралы қос ел басшыларының телефон арқылы тілдесуінде айтылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Өз кезегінде Нұрсұлтан
Назарбаев Ыстамбұл әуежайында болған
лаңкестік әрекетті айыптап, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына шын
ниетпен көңіл білдірген. Соңғы ақпарға
қарағанда, «Ататүрік» әуежайындағы террорлық шабуылдан 41 адам көз жұмып,
230-ға жуығы жараланған. Жансақтау бөлімінде жатқандар саны да көп. Әзірге «лаңкестік әрекетке қатысы бар» деген 13 күдікті ұсталды. Тығылған үйлерін тінту
барысында қару-жарақ пен электронды ақпарат жеткізуші құрылғылар табылған.
Полиция дерегінше, әуежайдың ішкі қызметінде де лаңкестердің сыбайластары болуы
мүмкін. Жанкештілер Сириядан шыққан Шешенстан мен Тәжікстан азаматтары деген
ақпарат тарады. Қазір Ыстамбұлда күзет мейлінше қатайтылған.