Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ақтөбелік тұрғын түрлі ұлттың бас киімінен коллекция жинайды

AstanaTV
29.04.2022ж. 20:00
1953
Ақтөбелік тұрғын түрлі ұлттың бас киімінен коллекция жинайды

Ақтөбелік тұрғын түрлі ұлттың бас киімін жинауды әдетке айналдырған. Қазір оның коллекциясында қалпақтың жүзден астам түрі бар. Николай Выходец бас киімдердің арқасында қазір тарихқа да қызығушылық танытып жүр.

Николай Выходец 15 жылдан бері әлем халықтарының бас киімін жинап жүр. Оның коллекциясындағы алғашқы жәдігер -  Оңтүстік Африкадан әкелінген, сафариге арналған мына қалпақ. Оны кейіпкеріміздің туысы базарлыққа берген. «Хоббиім осы бас киімнен басталды», дейді. Қазір оның коллекциясында ковбойдың қалпағы, Баварияның телпегі, ауғанның пуштуны, қазақтың  бөрігі де бар.

Николай ВЫХОДЕЦ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Таныстарым грузиннің бас киімін әкеліп берді. Сванка деп аталады. Бір қызығы, кисең, бірден грузинге ұқсап кетесің. Біздің ұлттық бас киім де бар. Міне, қараңдар, малақай! Өнер туындысы! Бұлардың бәрі мен үшін балаларым сияқты,  әрбірі мен үшін бағалы, құнды.

Николайдың не нәрсеге әуес екенін білетін таныстары мен достары саяхаттап барған елдерден тек бас киім ала келеді екен. Өзі де шетелге шықса, шляпа сатып алуды ұмытпайды. Сөйтіп, жинағындағы бас киім саны қазір жүзден асқан.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Менің үстімдегі пунчо мен мына сомбрероны кейіпкерімізге Германиядағы достары туған күніне сыйға тартқан. Мексиканың ұлттық бас киімі шкафтың төрінен орын алды.

Әлем халықтарының бас киімін жинай жүріп, Николай сол елдің тарихына үңілемін дейді. Енді ол Англияның корольдік гвардиясының офицері киетін бас киімді тапсам дейді. Қолындағы соның ұқсас түрі. Ұлыбританиядағы танысына қолқа салған екен, ол «елден бас киімнен гөрі  қару шығарған оңай» депті.

Николай ВЫХОДЕЦ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Оны Елизавета Патшайымның өзі сыйлайды. Аюдың терісінен тігілетін бас киімнің жылына 30-40 данасын ғана жасайды екен. Бұл олардың дәстүрлі бас киімі, офицердің отбасында қалады, кейін ұрпақтан-ұрпаққа мұраға беріледі.


Коллекционер сүйікті ісі туралы сағаттап айтуға бар.  «Бас киімдер – байлығым» дейтін ол енді әлем елдерінің әнұранын жинауды бастаған.

Г. Сейтенова