$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қасым-Жомарт Тоқаев тұратын ауылға телефон желісі жүргізіледі

AstanaTV
12.05.2022ж. 20:00
2491
Қасым-Жомарт Тоқаев тұратын ауылға телефон желісі жүргізіледі

Қостанай облысындағы президентпен  аттас жеткіншектің арманы орындалар күн алыс емес.  Кішкентай  Қасым-Жомарт Тоқаев тұратын шалғай ауылға телефон желісі жүргізіліп,  интернет жеткізілмек. Жергілікті  шенеуніктер елдімекеннің түйткілін шешуге шұғыл кірісті. Тамыз айына дейін Үштоғай мен Степняк ауылына  ұялы байланыс мұнарасы орнатылмақ.

Облыста отыздан астам елдімекеннің тұрғындары  телефон аясынан тыс жерде өмір сүруде. Соның бірі -Үштоғай ауылында да, мобильді байланыс мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Алайда түйткілдің түйіні тарқаған емес. Тек  «Астана» телеарнасының репортажынан кейін тиісті мекемелер мен  кәсіпорындар қозғала бастаған көрінеді.

Самат ҚАДЫРШИНОВ, ҮШТОҒАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
 
Билайн компаниясы осы Үштоғай ауылының орталығына Қазақтелеком компаниясының мұнарасына  билайн байланысын орнатамыз деп келіссөздер  жүргізіп жатыр қазіргі уақытта.Енді  амандық болса тамыздың біріне дейін мобильдік байланыс ауылымызға орнатылады деп жоғарыдан хабар келіп жатыр.

Ауыл мектебінде елуден астам оқушы білім алады. Өскелең ұрпақ өркениет игілігін көргісі келеді. Кішкентай Қасым-Жомарт Тоқаев та ұялы телефон ұстап, интернет  желісінен игі мәліметтер алсам дейді.   

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ОҚУШЫ:

Құдай қаласа менің ауылыма интернет байланыс орнатайын деп жатыр.Мен өте қуаныштымын.Енді соның тезірек қосылғанын күтеміз.

Әлішер БАТЫРБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ АҚПАРАТТАНДЫРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Үштоғайдан 10 шақырым жерде Степняк деген ауыл бар. Елдімекенде 150 адам тұрады. Біздің басқарма тарапынан  компанияға осы ауылға да байланыс  өткізу жөнінде ұсыныс берілді.

Басқарма өкілінің айтуынша,  Амангелді ауданы бойынша 3 ауылда ғана телефон байланысы жоқ. Шалғайдағы  Үштоғай мен Степняктың мәселесі   тамыз айында шешімін табады дейді. Ал қалған елдімекенге ғаламтор  желісі  келер жылы жетеді.

З. Санай