Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қарағандыда 14 жастағы зағип жеткіншек домбырашылар байқауынан ұтып алған 8 млн теңгені отбасына пәтер алуға жұмсамақ

Қарағандыда 14 жастағы зағип жеткіншек домбырашылар байқауынан ұтып алған 8 млн теңгені отбасына пәтер алуға жұмсамақ

Қарағандыда 14 жастағы зағип жеткіншек домбырашылар байқауынан 8 млн теңге ұтып алды. Нұрдәулет Сағатбек бұл қаражатты  отбасына пәтер алуға жұмсамақшы. Ата- анасы баспанасын кезінде көзі нашар көретін ұлын емдету үшін сатып жіберген көрінеді.  Талабы таудай өренмен тілшіміз Айжан Қуаш тілдесті.

Бұл - Нұрдәулеттің «Арман» атты авторлық күйі. Ол жан дүниесін осылай сазды әуезбен жеткізеді. Нұрдәулет көзінің нашар көретініне  қарамастан қазақ композиторларының көптеген туындысын жетік меңгерген.

Нұрдәулет САҒАТБЕК, «ДОМБЫРА- ДАСТАН» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Арманды жеткізу бар күй арқылы яғни, қуанышымды, мұңайсам мұңымды қуансам қуанышымды шертуіме болады, күй құдіреті деген осы.

Нұрдәулетті анасы 11 жасында үйірмеге берген. Содан бері талай    жарыста топ жарыпты.  Ал жақында  І республикалық «Домбыра- Дастан» байқауында бас жүлдені жеңіп алған. 8 млн теңге бәйге алыпты.  Нұрдәулет Сағатбек ол ақшаны  отбасына пәтер алуға жұмсамақшы.  

Нұрдәулет САҒАТБЕК, «ДОМБЫРА- ДАСТАН» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Бізде қазір пәтер жоқ, оны ата- анама қосам деп шештім. 8 млн-ның 8 жүз мыңына мына домбыраны алдым жақында. Кейін өсе келе 17- 18 жасқа толғаннан кейін көзіме операция жасатам деген ойым бар.

Дәрігерлер Нұрдәулетке 18 жасқа толған соң ғана операция жасатқан дұрыс деген соң, ол осындай шешім қабылдапты. Қазір жасатса,  мүлде көрмей қалам ба деп қорқады. Ал анасы ұлының оқу орындарында музыкалық білім алғанын қалайды. Алайда олар ерекше балаларды қабылдамайды дейді.  

Эльмира ЖАПҚАРАЕВА, НҰРДӘУЛЕТТІҢ АНАСЫ:

Музыкалық колледжлерге хабарласқанымда инклюзивті білім беру бізде қарастырылмаған, біз оларды оқыта алмаймыз деп айтқан болатын. Сондықтан тағы да өтінішім, қарастырып көрсе жақсы болар еді. Менің ғана балам емес Қазақстан бойынша ондай балалар көп деп ойлаймын, соларға оқуға мүмкіндік берсе.


Нұрдәулеттің айтуынша, оның күйлері «армандар орындалады», «мен ешқашан сынбаймын» деп күмбірлейді. Ол болашақта атақшы күйші, композитор болатынына сенеді.

А. Қуаш