Ақтөбе-Атырау тас жолының бойында орналасқан Бестамақ ауылының тұрғындары шу көтерді. Олар республикалық трассаның ауыл ішімен өтуіне қарсы. Халық төрт жолақты тас жол үйімізге тақалып салынбақшы, дейді. Бұған жауаптылар не дейді? Тілшіміз Гүлвира Сейтенова тарқатады.
Ақтөбе-Атырау тас жолы Бестамақ ауылын екіге бөліп жатыр. 50 жыл бұрын салынған екі жолақты жолдың бойында тұрғын үйлер мен дәмханалар орналасқан. «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» халықаралық тас жолының жобасы бойынша осы жол кеңейтіліп, төрт жолақты болуы керек. Тұрғындар бұған түбегейлі қарсы.
Нұрсұлу ЖАУЛЫБАЕВА, БЕСТАМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен мына үйде тұрамын. Осы төрт жолақты жолға қарсымын. Менің талабым – екі жолақты жол болып, әрі үлкен машиналарды ауылдың сыртынан алып кеткенін қалаймын. Семьям бар, малым бар, солардың өтуіне өте ыңғайсыз.
Бейбіт ДОШАЕВ, БЕСТАМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мынау – бір жолақ. Төрт жолақ болса, мына жерде не істейміз? Артық ештеңе айтпаймын, көріп тұрсыз. Бұл жерде светофор болады ертең, светофор жанады, мына машиналар 4 полосасы бәрі кептеледі. Оның бәрі выброс береді. Біз адам баласы емеспіз бе? Немен демаламыз? Менің үйім мына жерде. Немерелерім бар, балаларым бар.
Халық бұл мәселені жолдың жобасы жасалып жатқан кезде, яғни 2017 жылы көтердік, сол кезде өткен қоғамдық тыңдауда қарсымыз деп нақты айттық дейді. Алайда, арада 5 жыл өтіп, жағдай қайталанып отыр дейді тұрғындар. Жол бойында дәмханасы бар Жұпар Бақытова тіпті не істерін білмей отыр. Жобалаушылар дәмхананың дәл түбінен қазық қағып, жолдың шекарасын белгілеп кеткен.
Жұпар БАҚЫТОВА, БЕСТАМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Егер төрт полосный болса, даже екі полосный болса, маған тротуар қайда? Парковка қайда? Менің бизнесімді жабуым керек. Компенсация маған берсін. Менің бизнесім тоқтамауым керек, менің кредитім тоқтамауы керек!
«Қазавтожол» мекемесінің басшысы мәселенің нақты шешімін айта алмады. Ауыл ішімен өтетін жолды екі жолақты етіп қалдыру үшін халықтың ортақ пікірі керек, дейді мекеме директоры.
Марат МАХАМБЕТОВ, «ҚАЗАҚАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ АОФ ДИРЕКТОРЫ:
Тоқ етері – қазір халық не айтады, сол болады. Егер халық айтса, мына жолды сыртымен алып кету керек десе, мына жағынан қарастырдық, болмайды су бар. Мына жақпен алып кету керек десе, проект бірнеше жылға тоқтатылады да, временно мына жолмен жүре береді, бірақ ол шешім қабылдау үшін біз сұрақты қоямыз.
Жоба бойынша, Бестамақ ауылының үстімен 3 шақырымдай жол өтуі тиіс. «Қазавтожол» өкілінің айтуынша, жолдың үлкен көліктер шығып кетуін бөгейтін биік қоршауы, үш жерден бағдаршамы, көлік шуынан қорғайтын қоршауы, жарықшамдары болады. Тіпті екі жағынан ауылішілік көлікке арналған бөлек жол қарастырылады. Тұрғындар бұған да келіспесе, халықтың талабын көлік жолдары комитеті мен осы жобаны қаржыландырып отырған «Азия даму банкі» басшылығына жеткіземін деді. Ақтөбе мен Қандығашты жалғайтын бұл жолдың құрылысына 63 миллиард теңге бөлінген.
Г. Сейтенова