$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қомақты қаражатқа жөнделген Қостанай әуежайын су басты

AstanaTV
11.07.2022ж. 20:00
1487
Қомақты қаражатқа жөнделген Қостанай әуежайын су басты

Қомақты қаражатқа күрделі жөндеу жүргізілген Қостанай халықаралық әуежайын су басты. Ал әуежай басшылары  нөсердің күшті болатынын күтпесе керек. Ғимараттың суағар жүйесі  жаңбыр суына төтеп бере алмады. Бұған кім кінәлі? Мердігер ме,  жобалаушы ма? Тілшіміз Заңғар Санайдың бейнематериалы.

Жуырда ғана ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген халықаралық  әуежайға күрделі жөндеу жүргізілгеніне  көп уақыт өткен жоқ. Жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиард теңге жұмсалған. Жаңбырдан кейін  ғимараттың  суағары сыр беріп,  күту залын су басты. Ал әуежай басшылығы "нөсердің қатты болатынын күткен жоқпыз" деп  айды аспанға  шығарды.

Николай ГЕМБАРЬ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Жоба бойынша бәрі істелді.Бірақ  жаңбыр суы аққан тұсына ештеңе істелген жоқ.Жаңарған жоқ. Біздің канализация. Сондықтан суағар  жүйесін өзіміз дұрыстаймыз.Оны жөндеу жолдарын қарастырып жатырмыз.Бұлай болады деп ешкім күткен жоқ.

Әуежай басшылығының сөзіне сүйенсек, қыруар қаржыдан суағар жүйесін жаңартуға көк тиын бұйырмаған.  Енді  олқылықты өзіміз дұрыстаймыз дейді.Ал  жолаушылар көлігі және автомобиль  жолдары басқармасының басшылығы жоба бойынша суағаралар жаңғыртылды дейді. Кімге сенеміз?

Болат СЕЙДАХМЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Жобада бар.Екі суағар.Организованный  сток дейміз ғой.Олар бар.Бір жағынан жазда далаға шығу керек.Қыста канализацияға кету керек.Соның неге істемей қалғанын анықтаймыз.


Басқарма өкілдері мердігер мен жобалаушыны шақыртып, кімнің ағаттық жібергенін анықтамақ. Ал аймақ тұрғындарын қыруар қаржы жұмсалған жұмыстың сапасыз жүргізілгені қынжылтады. Жаңа атауға ие болған  әуежайға    алдағы уақытта  бюджеттен тағы ақша бөлінбекші. Бірақ, оның  қанша  екені әзірге белгісіз.

З. Санай