Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Биыл ақылы оқу бағасы қымбаттамайды

AstanaTV
13.07.2022ж. 20:00
1550
Биыл ақылы оқу бағасы қымбаттамайды

Бүгін еліміз бойынша талапкерлердің грантқа өтініш беру науқаны басталды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден тиісті балл жинаған түлектер бақтарын сынап, тегін оқуға түсуге өтініш білдіреді. Мектеп бітірушілер құжаттарын университет қабырғасына келіп тапсыра алады, болмаса арнайы онлайн хабарласып қалаған мамандығын таңдауына мүмкіндігі бар. Осыған орай ғылым және жоғарғы білім министрлігі әр университетте виртуалды комиссия ұйымдастырған. Толығырақ тілшіміз Айжан Шамшидиннің бейнематериалында.

Биыл жалпы 88 мыңнан астам грант бөлінген. Бұған магистратура, докторантура және бакалавриат кіреді. Соңғысының үлесі басым, 73 мың грант. Ғылым және Жоғары білім министрі гранттан қағылып, ақылы оқуға түсетін студенттерге құлаққағыс жасады. Мемлекеттік, ұлттық университеттерде оқу бағасы биыл өспейді деді.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық жағдай бір қиын кезге келіп отырмыз. Геосаяси, бағалар көтеріліп келе жатыр. Сондықтан мемлекеттік, ұлттық ЖОО-да шәкіртақы, төлемақылары көтерілмейтін болды. Оны біздің министрлік бақылауда ұстаймыз.

Апта соңына дейін  осындай оператор қызметі арқылы 100 мыңға жуық түлек жүрек қалауымен өзі таңдаған мамандыққа құжат тапсыра алады. Дәстүрлі форматта, ата-анасын ертіп, таң алакеуімнен кезек күтіп отырғандардың да қарасы көп.

Аяулым АЛДАБЕРГЕН, ТАЛАПКЕР:

Мен негізі дене шынықтыру пәніне тапсырғанмын, шығармашылық емтихан екеуін қосқанда 114 бал жинадым. Грантқа бұйырса түсемін деп ойлаймын.

ҰБТ тапсыру кезіндегі бейнежазбалар қысқа дейін тексерілмекші. Қандай да бір заңбұзушылық анықтала қойса,  грантты ұтып алған талапкер тегін оқудан қағылады. Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес биыл басымдық техникалық-инженерлік мамандықтарға берілген. Әсірсе батыс өңіріне грант көбірек бөлініпті. ҰБТ-да осалдық жіберіп, қырағы камераға іліккендердің грантының бір сыпырасы осы өңірге тиесілі.
 
Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Биыл білесіздер батыс өңірлеріне 10 мың арнайы грант бөлінді. Үш өңірге Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау өңірлерінде жеке бақылауымызда ұстаймыз.  63 ЖОО өкілдері қазіргі таңда  Маңғыстау, Атырау қалаларында орналасып Каспий университеті, Атырау және мұнайгаз универститеті негізінде қабылдау комиссиясы басталды. Соларға, ауылдық квотамен түспегендерге немесе жетім балаларға таратылатын болады ол қалып қалған гранттар.


Электронды Үкімет Платформасы арқылы құжат тапсыру қазір пысықталуда. Тамыз айындағы докторантура мен магистратура гранттарына өтініш білдіру кезеңіне дейін дайын болмақ. Грантқа дәмелі түлектер өз құжаттарын  20 шілдеге дейін тапсыра алады.  

А. Шамшидин