Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі артқан

AstanaTV
14.07.2022ж. 20:00
1652
Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі артқан

Елордада жыл басынан бері 2 мыңнан аса тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Оның 100-ден астамына қылмыстық іс қозғалған. Ал, 314 әйел шағымын қайта алған. Құқыққорғаушылардың айтуынша, бұрын 102 нөміріне күнделікті 20-30 адам хабарласса, карантин басталғалы 50-ге жуықтапты. Қоңырау шалатындардың дені отбасындағы жанжалдарға шағымданады екен.

Өзін де, есімін де жасыруды өтінген бұл келіншек, қазір үш баласымен дағдарыс орталығында күнелтіп жүр. 15 жыл отасқан жұбайы  соңғы жылдары жұдырық ала жүгіруді әдетке айналдырған. Кезекті ұрыс-керіс кезінде балаларын алып үйден кетіп қалыпты. Барар жер, басар тауы жоқ. Қорғансыз келіншек осы уақытқа дейін балалары үшін шыдап келгенін айтты. Жасы 40-тан асқанда көрген қорлығы жанына батқан кездері бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болғанын да жасырмайды.

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРБАНЫ:


Сенген тауымнан, сүйген адамыңнан сондай қиыншылықтар күтпеген жерден келсе, соққылар келсе қайда барарыңды білмей қалады екенсің. Өмірден түңіліп бара жатқаннан кейін, өзіме қол жұмсауға дейін барғаннан кейін ойланып қалады екенсің.


Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын шегіп жүргендер аз емес. Мамандарды алаңдатып отырғаны да осы. Мәселен, Алматыдағы бір ғана дағдарыс орталығын қазір 38 адам паналауда. Олардың барлығы отбасылық дау-дамайдың құрбандары.

Зульфия БАЙСАҚОВА, ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:


Біздің дағдарыс орталығымыз 5 жылдан бері жұмыс істейді. Бізге келіп есін жинап, қосымша курс оқып өз алдына кетіп жатады. Олармен психолог мамандар жұмыс істейді.


Елордада жағдай мәз емес. Карантин кезінде отбасындағы қылмыс 50 процентке көбейген. Зәбір көрген әйелдердің 90 пайызын ішімдік ішкен күйеулері сабаған. Мұндай отбасыларды полиция арнайы есепке алады.
 
Ерлан ТОЙЫМБАЕВ, ЕСІЛ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Жұмыстар жалғасуда. Проблемный мәселелер бар ортада. Біздің құқыққорғау органдары айналысып отырмыз. Қамауға соттың шешімімен алынады. 3 сағаттан 24 сағатқа дейін 1 тәулікке біз әкімшілік қамаққа ала аламыз
.
 
Зәбір көргендердің көбісі әлімжеттікті айтып арыз түсіруден басын аулақ салады. Неге? Себебі біріншіден, ұят жібермейді. Екіншіден, шаңырағын шайқалтқысы келмейтіндері тағы бар. Бірақ, олар кейін мұның соңы ауыр қылмыс пен баянсыз өмірге әкеліп соғатынын ескермейді - дейді психолог.

Лаура ЖЕКСЕМБАЕВА, ПСИХОЛОГ:

Әйелге өзінің құндылығын сезіндіріп, өзінің самооценкасы, өзінің бағалы етіп сезінуді үйретпегендіктен әйел адам, тіпті  болып жатқан зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Себебі оған бала күнінен бұл қалыпты жағдай емес деп ешкім түсіндірмегендіктен және бұл жиі зорлық-зомбылық өзінің отбасында да көрген болуы мүмкін.

Көргені – қорлық, тартқаны – зорлық. Бірі – батылдығын жиып,  өз-өзін қорғаса, енді бірі – үнсіз қалады. Айта кетерлігі, қазір Парламент депутаттары отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша заң жобасын қарап жатыр.

А. Задабек