$518.14 €537.57 ₽5.27
×

Көлік жөндеу орталығындағы жарылыс кезінде көлігі бүлінгендерге өтемақыны кім төлейді?

AstanaTV
15.07.2022ж. 20:00
2153
Көлік жөндеу орталығындағы жарылыс кезінде көлігі бүлінгендерге өтемақыны кім төлейді?

Көлік жөндеу орталығындағы жарылыс кезінде көлігі бүлінген ақтөбеліктер жарты жылдан бері өтемақы ала алмай жүр.   Зардап шегушілердің көбі машинаны несиеге алған. Енді олар орталық иесі көліктің құнын төлесін, не қалпына келтірсін деп талап етіп отыр.

Жойқын жарылыс «Альтаир» көлік жөндеу орталығында ақпан айында болды. Жарылыстың күштілігі соншалық, аумағы 600 шаршы метр  ғимарат қирап, іштегі және аулада тұрған 11 көлік зақымданған. Быт-шыты шыққан көліктердің бірі  - Абат Еркінбектің «кроссовері».    

Абат ЕРКІНБЕК, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Бір күн бұрын СТО-ға машинамды әкеліп қойдым. Тойота 200, мастерге тапсырдым, келесі күні түнде взрыв болды. Машинам жарамсыз. Ешқандай востановлениеге келмейді. 1 ай болды сатып алғаныма, 16 миллионға кредитке алдым.

Павлодар тұрғыны Камшат Қанафина  да Ақтөбеде тауар жеткізу бизнесін жүргізу үшін тоңазытқышы бар «Газель» көлігін 8 миллион теңге несиеге алғанын айтады. Алыс жолға шығар алдында машинаны бір қаратып алайын деп сол орталыққа апарған көрінеді. Жарылыс болған кезде аулада тұрған «Газельді» бетон басып қалған.

Камшат ҚАНАФИНА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

Кеткен дүниені береміз, қоямыз деген адам жоқ. Хозяиннің түрін ешқашан көрген емеспіз. Кредитке алған соң айына 126 мың ақша төлейміз. Машина жоқ, қалай төлейтінімізді білмейміз. Следствие ештеңе айтпайды, ай сайын екі айға созып, уже 6 айға өтіп кетті.

Тергеу тобының сарапшысы Абаттың көлігін  14 миллион 300 мың теңгеге, Камшаттың «Газелін» 6,5 миллион теңгеге бағалаған.  Бірақ, көліктің өтемақысын алу үшін олар сотқа жүгінуі керек. Алайда, сотқа тапсыратын құжатты полиция бермей жатыр, дейді наразы топ. Полицияның жауабы қысқа:  «Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бабымен қозғалған іс әлі тергеліп жатыр.

Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

ҚР ҚК 292-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс өндірісте. Барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Көлік жөндеу орталығындағы жарылыстан кейін қиранды астынан 67 жастағы күзетшінің мәйіті табылған болатын. Оған қатысты да полиция тергеу құпиясын алға тартып, ақпарат берген жоқ. Ал, жарылыс болған орталық қазір жұмыс істеп тұр. Бүлінген көліктер полицияның айыптұрағына қойылған.

Г. Сейтенова