$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақстанда үй саудасы қызып тұр

AstanaTV
18.07.2022ж. 20:00
1461
Қазақстанда үй саудасы қызып тұр

Елімізде үй саудасы қызып тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше,  көпқабатты тұрғын-үй кешендерінен пәтер алушы көп.  Әсіресе 2 бөлмеге сұраныс жоғары. Жер үйлерге де қызығушылық біршама артқан. Маусым айында 31 мыңнан астам  келісім-шарт жасалыпты. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары әдеттегідей көш бастап тұр.  

Мөлдір ДАЛДАБАЕВА, ДЕЛДАЛ:

Сәуір айына дейін зейнетақы қорын пайдаланған кезде пәтерлер өте қымбат сатылды. Алдыңғы 2021 жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға қымбаттады. Сәуір айы біткеннен кейін үйлерін сату керек болды ғой. Кішкене бағаларын түсірді пәтер иелері. Сұраныс көбейгенін көрді де, сол үшін бағалары төмендеп жатыр.

"Баспана бағасы енді аспандамайды, бір межені сақтап тұрады" дейді сарапшылар. Онсыз да,   әлемге әйгілі  Стамбул мен Дубайдағы пәтер құнына пара-пар біздің баға тек құрылыс  компаниялары спекулятивті әрекеттерін тоқтатқан жағдайда тұрақтайтынын айтады.   

Айбар ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ САРАПШЫ:

Баға өсу динамикасы биыл тоқтауы тиіс. Ол бағалар түседі деген сөз емес. Себебі нарық өз орнына келу керек. Өйткені сырттан қатты қысым көрсетіп жатқан зейнетақы жинақтаушы қорының  факторы жоқ,  арзан ипотекалық бағдарламалар өз жұмысын аяқтап жатыр. Оны да фактор ретінде қарастыруға келмейді. Сондықтан әрине нарық  биылғы жарты жылдықтан бастап өзінің қалпына келуі керек.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жер үйге деген қызығушылық Алматы мен Түркістан облыстарының тұрғындарында басым.  Әсіресе  пандемия кезінде пәтерінен шыға алмай, ішқұса болған қалалықтар, жаппай жеке ауласы бар үйлерге қоныстануда. Былтырмен салыстырғанда жаңа пәтерлерден өзге, қолданыстағы, ескі үйлердегі үйлерді қайта сату бағасы 26 процентке өскен.

Әсет РАШИДОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

2022 жылғы маусым мен 2021 жылғы маусымда қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы – 26,8%, жаңа тұрғын үйлерді сату 19,5% өсті. Тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2022 жылғы маусымда 21% артты.

Бүгінде ипотекамен үй беретін Отбасы банкіне ұқсас жеке компания мен кооператив көп.  Мамандар ешқандай кепіл бермейтін ұйымдарға сенбеуге кеңес береді. Сондықтан, үй аларда міндетті түрде қаржылық кеңесшінің көмегіне жүгінген жөн.

А. Шамшидин