Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жаңа оқу жылында 90 мыңға жуық студент жатақханаға орналаса алмай, далада қалуы мүмкін

AstanaTV
16.08.2022ж. 20:00
1373
Жаңа оқу жылында 90 мыңға жуық студент жатақханаға орналаса алмай, далада қалуы мүмкін

Жатақхана таппай жүр, талай қазақ баласы. Жаңа оқу жылында 90 мыңға жуық студент жатақханаға орналаса алмай, далада қалуы мүмкін. Онсыз да шәкіртақысы шайлығына жетпейтін студенттер енді пәтер жалдауға мәжбүр. Алайда, олар үшін бұның өзі мұңға айналған. Себебі, жалға берушілер білім алушыларға панасын сеніп тапсыра алмайды. Сонда сенделген студенттер қайда бармақ? Аружан Задабек жалғастырады.

Жансая Асылбек жатақханадағы орыннан үмітін үзген. Биыл 4-курсқа көшкен студент жылда  пәтер жалдауға мәжбүр. Елордаға білім аламын деп келген болашақ маман үй құнын өтеу үшін оқуды қойып,   жұмыс істеуге көштік – дейді.

Жансая АСЫЛБЕК, СТУДЕНТ:

Пәтердің бағасы өте қымбат. Бір бөлменің өзіне 150-200 мың төлеп жатамыз. Кейбіреулері бар, студентпіз десең, бірден «жоқ» деп айтады. Енді сол кезде амал жоқ сол 150-200 мыңға алуға тура келеді. Ата-анамызға ауыртпашылық салдырмайын десең, жұмыс істеу керек. Ал, жұмыс пен оқуды қатар алып жүру студент үшін өте қиын.

Студенттер үйіндегі орын жетіспеушілігін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те айтты. Сөзінше, биыл жатақханаға деген сұраныс Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіпті арта түскен.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Мысалы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 15 мыңнан астап төсек орын жетіспейді. Нұр-Сұлтан қаласында кішігірім қауіп-қатер бар. Жатаханадағы орындардың жетіспеушілігіне жалға берілетін тұрғын үйдің қымбаттауы да әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, теміржол көлігі мен авиабилеттердің қымбаттауы және эпидемиологиялық жағдайдың өзгеріп кетуі де әсер етуі мүмкін.

Министрдің жатақхана бұйырмаған білім алушылар үшін тұрғын үй бағасын реттеуді қолға аламыз дегенін естіп, жалға беретін бірнеше үй иесіне хабарластық. Бағаның қымбаттығы былай тұрсын, олар пәтерді студенттерге жалға бермейміз деп, ат тонын ала қашты.

Бас қаланың оң жағалауында 1 бөлмелі пәтер кемінде 100-160 мың теңге, 2 бөлмелі пәтер –180 мың мен 250 мыңның арасында. Ал, 3 бөлмелі үйдің құны 350 мыңнан кем емес. Сәулеті келіскен тұрғын үйде тұрамын десеңіз, бір айда миллион төлеуге дайындалыңыз. Бұл – елордадағы  арзан баға. Жатақханадан орын тимеген студенттердің  амалсыздан жалдап тұратын пәтерінің ақысын төлеу үшін оқуды қойып,  жұмыс істеуден басқа амалы жоқ.

А. Задабек