Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атырауда жұмыртқа 10 данадан ғана сатылып жатыр

AstanaTV
12.09.2022ж. 20:00
2078
Атырауда жұмыртқа 10 данадан ғана сатылып жатыр

Атырауда  жұмыртқа сатып алуға шектеу қойылды. Супермаркеттерде бір қолға 10 дана ғана беріледі.  Ал базарда жұмыртқаның бір данасы - 45-50 теңге  тұрады. Баға неге шарықтады, тапшылық неден туындады? Өңірдегі тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы мәселенің мән-жайын анықтады.
 
Тұрақтандыру қорының өнімдері сатылатын супермаркетте тауық жұмыртқасы -35,6 теңге. Бұл – аймақтағы ең арзан баға. Бірақ  жұрт оны қалағанынша сатып ала алмайды.  

Дамира ТҰРЫСБАЕВА, САУДА ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Тұтынушыларға жетпей қала ма деген  себеппен, сондай шектеу қойылды. 90 шт алып жатты, 1 коробка алып жатады. 360 шт. 2-3 коробка сұрағандар болды организациядан келіп тұрмыз деп.  Халықтың бәріне біркелкі жұмыртқа жету үшін ажиотаж, талас болмас үшін  сондай шектеулер қойылды.

Ал базарда жұмыртқа емін-еркін сатылуда. Бірақ  онда едәуір қымбат.  

Әсима АҒАДІЛОВА, КӘСІПКЕР:

Кеше, алдыңғы күні телефон соққанымызда «баға көтеріледі»,- деп сатпады, әкелмеді бізге.  Сондықтан біз алмадық. Енді бүгін әкелді, 42-мен әкелді, бір теңге қосып: 43,44пен сатып тұрмыз. Оның ар жағында 37,39 болды.

Жергілікті өнімнің де бағасы тұрақты емес. Қаладағы жалғыз құс фабрикасының жұмыртқасы 38-42 теңгеден саудаланып жатыр.  

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА, САТУШЫ:

С-1 38-ден болды, С-2 35-тен болы. Одан кейін бірден көтеріліп кетті жұмыртқа. Қымбатсынса да алып жатыр.  

Атыраулықтар тұтынатын жұмыртқаның 70 проценті өзге облыстардан тасымалданады.  Бағаны өсірген солар,- дейді жауаптылар.

Руслан ДӘУЛЕТОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ірі тасымалдаушы мекемелерге анализ жүргіздік. Енді олардың мәліметтері бойынша, жем бағасы, вакцина бағасы,- дейді, фабрикалардың айтуы бойынша.  Сол себепті өсім байқалып отыр,- дейді.

Соңғы аптада баға  бірнеше мәрте қымбаттаған. Сондықтан кондитерлік цехтар мен шағын дүкен иелері тұрақтандыру қорының арзан жұмыртқасын сатып алуға көшкен. Алыпсатарлықтың жолын кесу үшін енді жұмыртқа санын шектеумен сатуға мәжбүрміз дейді билік өкілдері.

Б. Надірқызы