Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодар облысына оңтүстіктен көшіп барған отбасылар кері қайтып жатыр

AstanaTV
12.09.2022ж. 20:00
1497
Павлодар облысына оңтүстіктен көшіп барған отбасылар кері қайтып жатыр

Павлодар облысына  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен қоныс аударған 151 отбасы  кері қайтты. Қалғандары да қайтадан көшіп кетуді ойлап отыр. Айтуынша, оларға уәде етілген  баспана да,  жұмыс та болмаған.  "Бізді ешкім құшақ жая қарсы алған жоқ" дейді. Тұрғындардың шағымын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдады.   

Кенжебек Тұрсынбайұлы Успен ауданына 2019 жылы  көшіп келген.  Мұндағы шенділер жұмысқа орналастырып, басына баспана береміз - деп уәдені үйіп төгіпті. Алайда, арада 3 жыл өтсе де, не жұмыс,  не баспана жоқ екенін айтады.

Кенжебек ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ. БЕЛОУСОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір бізде үй жоқ. Бір балам ауданда оқиды. Онда көшіп барып алайық десек онда үй жоқ. Бізді қысап тұрған жұмыссыздық. Қыста  қалай болады.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша аймаққа  2017 жылдан бері 3 мыңға таяу отбасы қоныс аударған.  Алайда, оның 151 кері көшіп кеткен.  

Күнболат ЗАУЫТҰЛЫ, БЕЛОУСОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің ауыл бойынша 148 семья болған. 18 семья көшіп кетіп отыр. Бұл не себептен көшіп отыр десеңіз? Негізінде жұмыссыздықтан көшіп отыр. Жері жоқ.

Оңтүстіктен келгендер жұмыс болмағандықтан  мал ұстап, күн көруді көздеген.  Алайда,  ол да қиын болып тұр, төрт түлік жаятын жер  жоқ.

Қуандық НҮСІПХАНҰЛЫ, БЕЛОУСОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мал шаруашылықпен айналысайық десек, жеріміз тар. Мал бағайық десек егін айдап тастаған. Ол егінге түсіп кетсе, оның зардабы одан қиын болып жатыр.

Мұның бәрін жергілікті билік өкілдері біледі. Бірақ, "көмектесіп жатырмыз" дегеннен басқа ештеңе айтпады.

Ерлан АЙТМҰҚЫШЕВ, УСПЕН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бәрі бірден бола бермейді. Кейбіреуі әлі үй алмаған шығар. Бірақ, көмегімізді қолдан келгенше жасап жатырмыз. Кейбіреуі келіп, үй алып, мал ұстап жатыр. Сондықтан бәрі бірдей бола бермейді. Көшіп келген ағайындарымызға қолдан келгенше көмек жасап жатырмыз.


Ал тұрғындар мұнымен келіспейді. Ешқандай көмек болмағанын айтады.  Сондықтан біздің де кері қайтудан басқа амалымыз жоқ дейді.

Ө. Қуанар