$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда 43 жастағы ер адамды алабай талап тастады

AstanaTV
19.09.2022ж. 20:00
1756
Атырауда 43 жастағы ер адамды алабай талап тастады

Атырауда 43 жастағы ер адамды алабай талап тастады. Оқыс оқиға Балауса шағынауданында, түнгі сағат 12 шамасында орын алған. Әлеуметтік желіде тарап кеткен мына видео жұртшылықты шулатты. Оқиға куәгері көршісінің жанұшыра айқайлаған дауысын естіп, жүгіріп барған.  

Тұрғындар "Қолда бар қорғаныш заттардың көмегімен әрең дегенде иттің аузынан адамды арашалап қалдық. Әйтпесе, жеп қоятын түрі бар" дейді. Аяғы мен қолы жарақаттанып, қаңсырап жатқан сәтін видеоға түсіріп алған. Тайыншадай алабайдан зардап шеккен жәбірленуші қазір облыстық ауруханада жатыр.

Айша КЕНЖЕМҰРАТ, АТЫРАУ қ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Ит қапқан "Балауса" мөлтек ауданының 43 жастағы тұрғынына алғашқы көмекті жедел жәрдем қызметі көрсетіп, кейін облыстық аурухананың травматалогия бөліміне жатқызылды. Бүгінгі күні науқасқа дәрігерлердің бақылауында, тиісті ем шаралары алынуда. Аса қауіпті дейтіндей жағдай жоқ.

Талаған иттің иесі де анықталды. 57 жасар тұрғынға полиция әкімшілік хаттама толтырған.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

18 қыркүйек күні, түнгі сағат 23:50 шамасында орын алған ит қабу фактісіне байланысты анықтау-тексеру жұмыстары жүргізіліп, Балауса ықшам ауданының 65-ші жылғы иесі анықталды. Оған қатысты Әкімшілік-құқық бұзушылық кодекстің 407 407-2 бабы 1, 4 бөліктеріне сәйкес хаттама толтырылды.

А. Серік