Түркістанға рухани және тарихи елорда мәртебесі берілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне жасаған сапарында айтты. Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді. Сондықтан Үкімет лайықты шешім қабылдауы қажет деді. Сондай-ақ, Президент ұлттық құрылтайдың келесі жиыны киелі Түркістанда өтетінін айтты.
Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, зиярат етті. Ел амандығын, халқымыздың бірлігін тілеп, дұға жасады. Онан кейін өңір жұртшылығымен кездесті. Жиында президент "Түркістан- атажұртымыздың алтын қазығы" деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты қадірлейді деген сөз. Ал біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын.
Облыс жаңа кейіпке еніп, қарқынды дамып келеді. Инвестиция көлемі 8 есе артты. 64 мың жұмыс орны ашылды. Түрлі нысандардан бөлек, 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуал жақсарған.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Әрине өңірді дамытуға мемлекет барынша күш салады.Түйіткілдер әлі аз емес. Әсіресе әлеуметтік салада мәселелер бар. Дегенмен ең бастысы- жергілікті тұрғындардың ынта-жігері. Бұл жағынан Түркістандықтар өте белсенді деуге болады. Оңтүстік тұрғындары еңбекқор халық.Сіздер де ауызбіршілік, әр істің көзін таба білетін іскерлік сияқты жақсы қасиеттің бәрі бар.
Кездесу барысында президент өткен жылы болған футбол матчындағы оқиғаны да атап өтті. Спорт кешенінің шатыры туды басып қалған кезде, тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, үйіндінің астынан көк байрағымызды алып шыққан сәті ерекше құрметке лайық деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қастерлі туымызды жерге түсірмей, бірнеше жігіт бүгін ортамызда отыр.Олардың отанға деген адалдығын жастарға үлгі етуіміз керек. Осыған орай Әбілқайыр Дәлетов, Бекмұрат Қараев және Нүркен Намазға өз алғысымды білдіремін.
Президент өңірге жасаған сапарында экобелсенділермен де жүздесті. Пікірлерін тыңдап, ой бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды еңбекқорлыққа шақырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ең алдымен еңбекқорлық, еңбекшіл адам болуымыз керек қазақ деген. Сондықтан баршаңызды қолдаймын. Баршаңызды мақтан тұтам. Былай айтқанда өскелең ұрпақ біздің үмітіміз. Еліміздің болашағы сіздердің қолыңызда. Біз ардагер болып мәңгі билікте отырмаймыз. Менің ең үлкен мақсатым жастарға жол беру.
Сондай-ақ Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Іс-сапар соңында Мемлекет басшысы облыс орталығындағы халықаралық әуежайдың жұмысымен танысты.
Б. Сатуов