$488.45 €529.19 ₽5.04
×

СҚО: ауылға су өткізіп жатқан мердігердің жұмысы тоқтап тұр

AstanaTV
06.10.2022ж. 20:00
1457
СҚО: ауылға су өткізіп жатқан мердігердің жұмысы тоқтап тұр

Солтүстік Қазақстан облысында ауылға су өткізбекші болған мердігер шұңқырларды қазып қойған. Осымен жұмыс тоқтап қалған. Жергілікті халық болса, қауіпсіздік үшін алаңдаулы. Өткен аптада терең орға мал түсіп кетіп, тұрғындар оны әзер алып шыққан көрінеді. Тараптарды тындаған аймақтағы тілшіміз жалғастырады.

Тайынша ауданына қарасты Ильичевка ауылында 150-ге жуық түтін бар. Таза ауыз суды көп жылдан бері күткен тұрғындардың құбыр тартқандарға өкпесі қара қазандай. Мердігер қауіпсіздікке салғырт қарап отыр дейді. Жауапты компания су құбырын ауыл ішіне өткізу үшін тереңдігі үш метрлік шұңқырларды қазып қойған. Алайда жұмыс тұралап тұр.

Қалиақбар КӘКЕЙ, ТҰРҒЫН:

Мал да түсті осыған. Енді осылай жата берсе, адам түсетін де қауіп бар. Ертең қар түседі, қардың астында қалады, немене болады? Бетін аулақ қылсын, бала түссе, не болатыны бір Аллаға аян ғой.

Тіршілік көзіне мұқтаж болған ауылға биыл қазынадан 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Басқа елдімекеннен 12 шақырымдық желіні тартуды мердігер сәуір айында қолға алды. Жергілікті билік өкілдері де жұмысына немқұрайлы қараған мердігерге жолыққан.

Нариман ТАСЫМОВ, АМАНДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

2022 жылы басталды, 2023-ке дейін. 12 шақырым Амандық ауылынан Ильичевкаға су әкеледі. Енді мынау ашық тесіктерді октябрдың аяғына дейін жабам деп уәде берді подрядчиктар. Лента тағамын дейді. Енді қоямын деп айтты.

Ал мердігерлік компания жұмыс уақытша тоқтап тұрғанын жеткізді. Оған құрылыс материалдарының тапшылығы себеп дейді.

Жасұлан ТҰРҒАНБАЕВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

Крот арқылы трубаны өткіздік. Ауылдың ішін полный қазбау үшін. Барлық жерін қазып, асфальтын құртпау үшін. Ол үшін әр кольца тұратын жерін қазып, трубасын өткізу керек болды. Кольца жабылмай жатқан себебі производство үлгермей жатыр, сондай кольца жасап.

Сөйтіп шикізатқа байланып отырған мердігерлер құрылысты айдың соңына дейін бітіреміз деп сендіреді. Алайда бұқараға ауыз суды келесі жылы бірақ бермекші.

А. Құрманкин