Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шенеуніктерге сенген оралдық кәсіпкер қарызға белшеден батты

AstanaTV
14.10.2022ж. 20:00
1235
Шенеуніктерге сенген оралдық кәсіпкер қарызға белшеден батты

Батыс Қазақстан облысы Деркөл ауылының тұрғындары дәрігерге қаралу үшін қалаға қатынайды. Өйткені, ауылда бір ғана емхана бар, оның өзі елдімекеннің шетінде көрінеді. Мәселені шешеміз деп жергілікті билік өкілдері кентте тағы бір емдеу мекемесін салу үшін кәсіпкерге қолқа салған. Кәсіпкер қарызданып, қауғаланып нысанды салып біткенде, оны жалға аламыз деген уәделерінен айнып қалыпты. Енді тұрғындар жаңа емхананың игілігін көре алмай отыр, ал кәсіпкер құрылысқа кеткен шығынды кімнен сұрарын білмей дал.

Жақын жердегі емханаға бару үшін тұрғындардың осы жермен өтуіне тура келеді. Бұл жердің үстімен пойыз өтеді. Бұдан 30 метр жерде көлігі ағыл-тегіл ағылған трасса тағы бар. Басы ауырып, балтыры сыздаған ауылдықтар үшін қайда барсаң да Қорқыттың көрі болып тұр.

Тельман ӘБДІРАХМАНОВ, ДЕРКӨЛ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Барып-келу қиын, балшықта бару әсіресе. Балалар ауырады, айнала үлкен кісілер бар ауыратын. Такси жалдайды.

Серік ҚОЖАЕВ, ДЕРКӨЛ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жас келіншектер балаларын арқалап, темір жолдың тесігінен туннельден өтіп, қор болып жүр халық.

Деркөлде емхана болады деген жаңа ғимарат тұр. Билік өкілдерінің ұсынысымен оны жеке кәсіпкер салған. Бірақ амбулатория ашу «бақыты» тендерде арзан баға ұсынған басқа кәсіпкерге бұйырыпты. Алайда, көп ұзамай оның құжатынан шикілік шығып, емхана қайтадан жабылып қалған. Ал ғимарат салған кәсіпкер нысанды салуға жұмсаған 20 млн кімнен сұрарын білмей жүр.

Жанкелді ШАЕКЕНОВ, КӘСІПКЕР:

Облыс әкімі Ғали Есқалиев тапсырма берді. 5 миллион 330 мың ақша берді. Соны тендерге салып, дұрыс тендер өткізбей, талан-таражға салды.

Шыңғыс СӘРСЕНҒАЛИЕВ, № 1 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНА ДИРЕКТОРЫ:

ИП Шаекенов неге мені жеңімпаз деп танымады деген мақсатта сотқа арыз-талап бере отырып, екі сот этабында да бұл кісінің арыз-талабы қанағаттандырылмай отыр.

Деркөл ауылында 30 мың тұрғын бар. Соның 18 мыңы қаладағы емханаға тіркелген. Қалғаны кент шетіндегі амбулаторияға қатынайды.

Егер тағы амбулатория ашылса бұл мәселе шешілер еді дейді ауыл әкімі.

Жұбан ЖҰМАҒАЛИЕВ, ДЕРКӨЛ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:

Орал қаласы әкімінің аппараты БҚО білім басқармасымен жеке инвестор тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қызығушылық танытқан инвестор әлі күнге жоқ.

Демек, Деркөлде жаңа емхананың қашан салынары әзірге белгісіз.

Е. Карин