$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Елордада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

AstanaTV
21.10.2022ж. 20:00
3042
Елордада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Астанада бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Онда қала тұрғындарына әр түрлі сала бойынша 1600-ге жуық жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкені Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырды. Толығырақ алдағы сюжетте.

Кезекті жәрмеңкеге түрлі сала бойынша 60-қа тарта жұмыс беруші қатысты. Оның 12-сі мүмкіндігі шектеулі жандарға 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынса, 8-і сотты болған азаматтар үшін 100-ге жуық жұмыс орынын жариялады. Жоғары білімі бар мамандарға да сұраныс көп.

Ерғали АСЫЛОВ, ҚР БҒМ ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ КАДР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

20-дан астам бос орындарымыз бар. Әр түрлі салаларымыз бойынша. Журналистер керек бізге, сосын IT мамандары керек бізге. IT мамандықтарынан 5-7 бос лауазымдарымыз бар. Біраз кісілер келіп, бізге өтініштерін, резюмелерін қалдырып жатыр. Қабылдап жатырмыз. Енді оны өзімізде қарастырамыз.

Жәрменкеге келгендер көп. "Мұндай шаралар көп мүмкіндік береді" дейді олар.

Зухра ОМАРҚЫЗЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жәрменке орталығына жұмыс көру үшін келдім. Бірақ енді талапқа сай 2-3 жұмыстың орнын таптым десем де болады. Өте қуаныштымын. Қазір тағы да аралап көрмек ойым бар. Бұл орталыққа келіп жұмыспен қамту орталығының сілтемесі бойынша келіп отырмын негізі. Жұмыстың өзім ойлағандай, қалағандай жұмыстың табылуына мүмкіндік болып тұрғанына өте қуаныштымын.

Астана қалалық жұмыспен қамту орталығы биыл жыл соңына дейін тағы бірнеше рет жәрмеңке ұйымдастыруды көздеп отыр.

Илья СКУБ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ "ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ" КММ БАСШЫСЫ:

Жәрмеңкелер айына орта есеппен бір рет өткізіледі. Биыл біз жәрмеңкелердің тығыз кестесін жасадық. Себебі мұның барлығы жұмыссыз жүрген жандар үшін үлкен мүмкіндік деп білеміз. Жұмыс істегісі келетіндердің барлығы жұмысқа орналасады, бұл, әрине, адамдардың өздеріне байланысты.

Айта кетейік, жыл басынан 304 жұмыс берушінің қатысуымен 5-рет жәрмеңке өткізілген. Онда құрылыс, өндіріс, сауда,тамақтану, қаржы және сақтандыру қызметі, көлік және қоймалау сияқты тағы да басқа түрлі қызмет салалары бойынша 8 мыңнан аса бос жұмыс орны ұсынылған.

Б. Сатуов