$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Мәйіттің денесін донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет емес», - министрлік

AstanaTV
26.10.2022ж. 20:00
3129
«Мәйіттің денесін донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет емес», - министрлік

Енді мәйіттің ағзасын алу үшін туыстарының рұқсаты қажет емес. Себебі, қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісетіндер жылдан жылға азайып барады. Салдарынан, күту парағында тұрған науқас көбейіп, трансплантология мәселесі күрделене түскен. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға өзгеріс енгізбек.

Елімізде 5 мыңнан аса адам ағза ауыстыруға мұқтаж. Оның барлығы күту парағында тұр. Солардың бірі – 22 жастағы Ерқанат. Тараз қаласының тұрғыны медициналық орталықтан күнде хабар күтеді. Оған қойылған диагноз - бауыр циррозы.

Ерқанат, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Донор керек болды. Жалғыз ағамның қан тобы сәйкес келген еді, бірақ оның бауыры нашар боп шықты. Операция көтере алмайды екен. Күн сайын табылып қала ма деп үміттеніп отырамыз.

Алайда, тұрғындардың 73 проценті мәйіт доноры болуға келіспейді. Денсаулық сақтау министрлігі осылай деп дабыл қағуда. Көбі «адам денесі өзімен бірге жерленуі керек» деген ұстанымда көрінеді.

Көпшілік бұлай дегенімен, ағзаға сұраныс бәрібір жоғары. Ауыр дертпен күресіп жатқандар өмір сүргісі келеді. Сұраныс болғандықтан қазір әлеуметтік желіде өз денесін саудалайтындар да көп.

Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. Олар жыл сайын мәйіт донорына келісетін адам саны азайып жатыр дейді.

Мақсат ДОСХАНОВ, ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫ ГЕПАТОПАНКРЕАТОБИЛИАРЛЫ ХИРУРГИЯ ЖӘНЕ БАУЫРДЫ ТРАНСПЛАНТАТТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Күту қағазында тұрған бағдарламалардың саны өте көбейіп бара жатыр. Бірақ мәйіттік донорлардың саны аз, оған қарамастан. Соған байланысты біздің науқастардың көпшілігі не өлім оларды күтіп отыр немесе олар өздігінен қаражат табу арқылы шетелдерге барып, ағза ауыстыру оталарын жасатып келіп жатыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғаттың трансплантацияға рұқсат беретінін айтады. Тек діни және медициналық тұрғыдан кейбір қағидаларға аса мән беру керек.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:

Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені, өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады. Әрі өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді.

Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға түзету енгізуді жоспарлап отыр. Енді мәйіттің денесін донорлыққа пайдалану үшін туыстарының рұқсаты қажет болмауы мүмкін. Бірақ ол үшін азамат тірі кезінде медициналық тексеруден өтуі керек. Сөйтіп eGov.kz порталындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне кіріп, трансплантацияға келісім беруі шарт.

А. Задабек