$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Корей елінде қаза тапқан ақтөбелік бойжеткен сәуір айында магистратураны бітіруі тиіс болған

AstanaTV
31.10.2022ж. 20:00
1566
Корей елінде қаза тапқан ақтөбелік бойжеткен сәуір айында магистратураны бітіруі тиіс болған

Сеулде қаза болғандардың арасында бір қазақстандық азамат бар. Ол - 1996 жылы туған Ақтөбе облысының тумасы. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, отандасымыз Корея Республикасының жоғары оқу орындарының бірінде магистратура оқып жатқан. Келер жылы сәуір айында диплом алуы тиіс болған. Қыздың анасының айтуынша, ол корей тіліне жастайынан әуес болған, сегізінші сыныптан бастап ерекше ден қойған көрінеді. Мектеп бітірген соң Татарстанның Қазан қаласынан «Шығыстанушы» мамандығымен жоғары білім алған. Онан соң Сеулде білімін жетілдіруге бел буыпты. Соңғы рет анасына сол қаралы мерекені тойлауға шығып бара жатып хабарласқан. Ал ертеңіне жақындары суық хабар естіген. Әкесі Кореяға кеткен, анасы ес жия алмай отыр. Сұхбат беруден бас тартты. Мектеп ұстаздары да есеңгіреп қалғандарын айтады.

Алтынгүл АТКИЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ №27 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шерниязова Мадина біздің түлегіміз, 2013 жылғы түлегіміз. Өте жақсы керемет қыз. Сабақта үлгілі оқушы болды. Тек ғана 4 пен 5-ке бітірді біздің мектебімізді. Тек жақсы жағынан білеміз. Мадинаның ата-анасына біздер қайғырып көңіл айтамыз. Мадина иманды болсын. Жатқан жері жайлы болсын.

Корея Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің консулдық бөлімі тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Құзыретті органдармен тұрақты байланыста болатын жедел штаб құрылды. Елшілік қызметкерлері қаза тапқан отандасымыздың құжаттарын ресімдеуге қажетті көмекті көрсетіп жатыр.

Б. Рақметова