Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады

AstanaTV
31.10.2022ж. 20:00
1829
Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады

Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсультке шалдығады. Оның 5 мыңы алғашқы он күнде көз жұмса, 60% -ға жуығы мүгедек болып қалады. Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай «NeuroDamu» инсультке қарсы қайырымдылық қоры халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.

Инсульттің оның алдын алу жолын біреу білсе, біреу білмейді. Осыған орай, Алматыда ақ халаттылар халыққа аурудың алғашқы белгілері мен себеп-салдарын түсіндірді. Тұрғындар білікті дәрігерлерге мазалаған сұрақтарын қойып, кеңес алды. «Мұндай шаралардың маңызы зор»,- дейді олар.

Ардақ ҚУАНЫШБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен ойлаймын, ол өте пайдалы. Өзімнің медициналық білімімді тереңдеттім. Егер осындай іс-шаралар көп өтсе, онда көптеген қиындықтардың алдын алуға жақсы көмек болатын еді деп ойлаймын.

Инсульттің негізгі белгілеріне сөйлеудің бұзылуы, еріннің қисаюы және ауыздың бір бұрышының төмен түсіп кетуі жатады. Сондай-ақ науқастың қимыл-қозғалысы қиындай түседі. Бұл белгілерді байқасаңыз, дереу жедел-жәрдем шақыру қажет. Дәрігерлердің айтуынша, 4 сағат ішінде науқасты ауруханаға жеткізсе, неврологиялық тапшылықтың туындамауына әрекет жасап, аман алып қалуға болады.

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ, НЕЙРОХИРУРГ:

Біздің мемлекеттің алдында тұрған негізгі, басты мақсаттардың бірі – Қазақстан халқының ұзақ өмір сүруіне қол жеткізу. Әрине, халық ұзақ өмір сүрген сайын олардың өмір сүру сапасын да белгілі бір жоғары деңгейде ұстап отыруға міндеттіміз. Бүгін Қазақстанның бірнеше қаласында осынай іс-шара өтіп жатыр. Жалпы өзіміздің тарапымыздан әлеуметтік желіде де біз халыққа инсульт жөнінде ақпарат беруге тырысамыз.

Қазақстандағы өлім-жітім бойынша инсульт екінші орында. Ал әлем бойынша осы кеселден көз жұматын адам саны жағынан алғашқы отыздыққа кіреді. Алаңдатарлық статистика.

М. Жақан