Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда 8-қабаттан секіріп кеткен жүкті әйел ауруханада көз жұмды

AstanaTV
09.11.2022ж. 20:00
1871
Алматыда 8-қабаттан секіріп кеткен жүкті әйел ауруханада көз жұмды

Алматыда 22 жастағы жүкті әйел тұрғын үй кешенінің 8-қабатынан секіріп кетті. Ол ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады. Куәгерлер «жас әйелдің мұндай қадамға баруына отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін» дейді.

Жантүршігерлік оқиға түн ортасында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Әйелдің құлап түскен жерінде әлі қанның ізі байқалады. Жұбайының айқайлап жылаған дауысынан оянып кеткен көршілер дереу жедел жәрдем шақырып үлгерген.

Бұл жағдай тұрғындардың зәресін ұшырды. Куәгерлер әйелдің қан-жоса боп жерде жатқанын айтады. «Үйінде ұрыс-керіс болған тәрізді»,- дейді.

Мирас ЖАҚЫПОВ, КУӘГЕР:

Мен үйде отырғанмын. Біреудің гүрс етіп құлағанын естідім. Айқай-шу көтеріліп кетті. Күйеуі бірден жүгіріп келді. Мен де шығып, жедел жәрдем шақырдым. Әйелдің қол-аяғы сынды. Күйеуі кеше өзін тым эмоционалды ұстаған еді. Маған ол мас болып көрінді.

Тұрғындар жедел жәрдемді ұзақ күтіп қалғандарын айтады. "Аула тар, сондықтан жедел жәрдем немесе өрт сөндіру көлігі кіруі қиын" дейді.

Жұмағали ӘЛІМЖАНОВ, КУӘГЕР:

Жедел жәрдемді 40 минут күттік. Олар жеткен соң, ауламызға біраз уақыт кіре алмай, айналып жүрді. Себебі, тұрғындардың көліктері аулаға кірер жолды жауып тастаған екен. Орын жоқ. Әйтеуір, дәрігерлер әйелді зембілге салып, алып кетті. Ол кезде әйел тірі еді.

Науқас клиникалық өлім диагнозымен 7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Жүктіліктің 9-10 аптасында болғаны анықталды. Дәрігерлер реанимациялық іс-шараларды жүргізгенімен, зардап шегуші есін жимастан дүниеден өтті. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Алматы қалалық полиция Департаменті аталған деректің Наурызбай аудандық полиция Басқармасымен ҚР ҚК-нің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлайды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Әйелдің өзіне қол салуына себепкер болған кінәлілер анықталса, заң бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

М. Жақан