Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжардың жылу орталығында жас жігіт басынан жарақат алып, көз жұмды

AstanaTV
09.11.2022ж. 20:00
1141
Қызылжардың жылу орталығында жас жігіт басынан жарақат алып, көз жұмды

Қызылжардағы жылу электр орталығында жұмысшы қаза тапты. Жас жігіттің басына темір балка құлаған. Төтенше жағдайға кім кінәлі? Құзырлы органдар тексеріс жүргізілмейді дейді. Неге? Оған аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жауап іздеді.

22 жасар жігіт жылу орталығында былтыр қираған насос стансасын қалпына келтіріп жатқан мердігерлік компанияда жұмыс істеген. Өзі-қызылордалық. Бетон құюға жауапты болыпты. Құрылыс кәсіпорнының жетекшісі, оқыс жағдайға қолайсыз күн райы себеп болуы мүмкін екенін айтады.

Всеволод СЫСОЛЯТИН, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Жас жігіт бетонға арналған ағаш қорапты тексеріп жатты. Оның қасында темір балкалары үйіліп жатты. Жұмысшылар оның үстіндегі құрылғыларды көтеріп жатқан кезде бір балка сырғып, әлгі жігіттің басына түсті. Сол күні таңертен қар жауып, кейін ери бастады. Бәлкім содан болуы мүмкін.

Қатты соққыдан кейін жігіт есінен айырылған. Дәрігерлер оны дереу ауруханаға жеткізіпті. Алайда, ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Полицейлер бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Нұрбек БАЕКИН, СҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Петропавл қаласы бірінші полиция бөлімінің өндірісінде ҚР ҚК 156 бабының екінші бөлігі еңбекті қорғау қағидалары бойынша со қа дейінгі тергеу материалдары тергелуде. Қазіргі уақытта істің мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Ал еңбек инспекциясының өкілдері аталған оқиға адам өлімімен аяқталса да, тексерісті жүргізбейтіндерін мәлімдеді.

Азат КӨШЕРБАЕВ, СҚО ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қаза тапқан Исаев пен строй центр серіктестігі арасында азаматтық құқықтық шарттың жасалуына қатысты бұл адамдардың арасындағы қатынас еңбек қатынасы болып табылмайды. Сондықтан ҚР еңбек заңнамасымен емес, азаматтық кодекспен реттеледі. Жоғары айтылған ақпар негізінде бұл жазатайым оқиға еңбек кодексінде көрсетілген арнайы тергеуге жатпайды.

Мердігерлер қайтыс болған жігіттің отбасына қаржылай көмек көрсеткендерін жеткізді. Бірақ қандай көлемде екенін жасырып қалды. Айта кету керек, жылу электр орталығында бір жылдың ішінде осымен үшінші адам қызмет барысында бақилық болған.

А. Құрманкин