$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Екібастұздағы жағдайдан барлық әкімдер сабақ алуы тиіс», - Үкімет басшысы

AstanaTV
29.11.2022ж. 20:00
1650
«Екібастұздағы жағдайдан барлық әкімдер сабақ алуы тиіс», - Үкімет басшысы

Екібастұздағы жағдайдан барлық әкімдер сабақ алуы тиіс. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осылай деді. Әрі мұндай апат қайталанбас үшін еліміздегі барлық энергетикалық нысандарға техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

Екібастұздағы жағдай күрделі. Павлодар облысы әкімінің айтуынша, 25 көппәтерлі және 100-ге жуық жер үйде жылу жоқ. Қарашаның қара суығында тұрғындар тоңып қалмас үшін желіні қалыпқа келтіру қажет.

Әбілқайыр ЫСҚАҚОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл үйлер жылуды қабылдай алмай отыр. Өз кезегінде жылу желісінде ыстық су бар. Бірақ аталған үйлердегі ішкі жылу жүйесін қалпына келтіруміз керек.

Үкімет басшысы осы Екібастұздағы апаттан барлық әкімдер сабақ алып, қорытынды шығаруы керек деді. Жауапты министрліктерге шұғыл тапсырма берді.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Екібастұз қаласында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру керек. Апатқа себеп болған барлық мәселені тез арада шешу қажет. Энергетика министрлігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізсін.

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Күнде не болып жатқаны туралы ақпарат аламыз. Қазіргі уақытта ауруханаларда қанша адам жатыр, перзентханаларда қанша әйел, қанша бала жатыр, температура қандай, ауа райы қандай? Соның бәрін бақылап отырмыз. Керек болса, ауруханалар Павлодарда дайын. Жағдай қиындаса, үкімет әлеуметтік жағынан бүкіл шаруаны жасап, дайындап қойды.

Айта кетейік, елімізде жылу маусымы басталғалы 26 технологиялық апат болған. Жауапты министрліктің мәліметінше, республика бойынша жылу, сумен жабдықтау және канализация желілерінің орташа тозуы 53 пайыз болып отыр. Үкімет басшысы әкімдерге жылу беру маусымын жеке бақылауда ұстауды тапсырды.

Б. Сатуов