$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы облысында денесін пышақпен тілгілеп тастаған бойжеткеннің жағдайы белгілі болды

AstanaTV
05.01.2023ж. 20:00
1597
Алматы облысында денесін пышақпен тілгілеп тастаған бойжеткеннің жағдайы белгілі болды

Алматы облысында ер адам 25 жастағы бойжеткенді үйінен алып кетіп, денесін пышақпен тілгілеп тастаған. Ауыр соққыға жығылған жас қыз түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Жәбірленуші өзіне қастандық жасаған азаматпен бұрын жақын қарым-қатынаста болғанын айтты. Сөзінше, жігіттің оны ұрып-соққаны алғашқы жағдай емес. Ер адам бойжеткенді көлікпен қала сыртына шығарып, аяусыз сабап тастаған. Қазір зардап шегушінің денесінде сау жері жоқ. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауырлықта деп бағалайды.

Айдос ЕРКЕНОВ, ТАЛҒАР ОРТАЛЫҚ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Көптеген жарақаттар алынған. Жабық түрде бас зақымы, пышақпен кесілген жарақаттар болды. Беті, қолы, саны және мұрын сүйектерінің сынуы. Қазіргі таңда Талғар ауруханасының жарақат емдеу бөлімінде жатыр. Протокол бойынша емін алып жатыр.

Күдікті - 2001 жылғы азамат. Бүгінде ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған жағдайға қатысты "Адам өлтіруге ұмтылу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында.

Ернар САЙДІЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Талғар ауданының ауруханасының хабарламасы және Б. есімді жәбірленуші азаматтың өтініші Талғар ауданының ПБ-да тіркелді. Тергеу барысында ҚР заңнамасына сәйкес барлық қажетті сараптамалық зерттеулер жүргізіліп, оқиғаның шынайы мән-жайлары анықталатын болады.

М. Жақан