Шымкентте әйелін автокөлік ішінде аяусыз пышақтап өлтірген адам 11 жылға сотталды. Бірақ марқұмның туыстары өздеріне небәрі үш-ақ ай күйеу бала болған қатыгез жанға бұл тым жеңіл жаза деп отыр. Қаралы отбасының айтуынша, жігіт келіншекті өлтіріп қана қоймай, мәйітті қала ішінде екі сағат бойы көлігімен алып жүрген. Сондықтан оған ең ауыр жаза берілуін талап етуде.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қанды қылмыс былтыр 31-тамыз күні болған. 50 жастағы ер адам азаматтық некедегі әйелін көлік ішінде бірнеше жерінен пышақтап өлтірген. Туыстарының сөзінше, 39 жастағы Раушан Пирманова азаматтық некедегі күйеуінің озбыр мінезіне үнсіз төзіп келгендіктен үш айдан соң айрылысып кеткен. Аса ауыр қылмыстық істі қараған судья Әбсаттар Шахидиновтың айтуынша, сотталушы өз қылмысын ішінара мойындаған.
Әбсаттар ШАХИДИНОВ, ШЫМКЕНТ қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Қызғаныш сезімі салдарынан азаматтық некедегі әйелі болған Пирманованың мойнының оң жақ бүйір беткейінен, кеуде торының алдыңғы бет және сол жақ және артқы оң жақ тұстарынан асханалық пышақпен бірнеше рет соққылар беріп, оған құқыққа қарсы қасақана қаза келтірген.
Сотталушы жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейді. Бұдан бөлек ол 10 млн теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Алайда, қызынан айрылған ана бұл жазаға қанағаттанбайды.
Нафиза ҚЫСТАУБАЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Үкіммен келіспеймін. Қатаң жаза беру керек еді. Үйімде отырған қызды көшеде ұстап алып, 10 минуттың ішінде пышақтап отыр. 12:30-да қызыммен сөйлеседі, 12:40-та «мен жеңшелеріңді өлтіріп алдым»,- дейді. Екі сағат машинаға салып алыыыып, көшемен қыдырып, әпкесінің үйіне апарады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Айта кетейік, марқұмның артында кәмелет жасқа толмаған қос қызы қалды. Үкіммен келіспеген қаралы отбасы сотқа апелляциялық шағым түсірмек.
А. Төребекқызы