Түркістан облысындағы Шардара қаласында жеке үйлердің бірінде жарылыс болды. Соның салдарынан үй иесі қаза тапты. Аумағы 84 шаршы метр болатын баспананың шатыры мен қабырғалары жартылай опырылып қалған. Көршілер үйінді астынан 2008 және 2009 жылы туған екі баланы аман алып шықты. Оларды құлаған қабырға басып қалыпты. Балалар шұғыл ауруханаға жеткізілді. Ал олардың анасы жарылыс кезінде тіл тартпай кеткен. Мәйітті құтқарушылар қиранды астынан аршып алды. Төтеншеліктер жарылыстың нақты себептерін анықтап жатыр.
Қанат САРТБАЕВ, ШАРДАРА АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:
Алдын ала болжамдар бойынша газ баллон жарылу салдарынан болып тұр аталған жарылыс. Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша Шардара аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар толық дайындалып, тергеу әрекеттері жалғасуда.
Жарылыстан жарақат алған екі жасөспірім қазір аудандық ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы орташа ауырлықта екенін жеткізді.
Қайрат ӘЗТАЕВ, ШАРДАРА АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бетін, екі қолын күйік шалған. Жарақат алған. Сол себепті хирургия бөліміне жатқызылды. 12 пайыз, 16-17 пайыз күйік шалған. Емдерін қабылдап жатыр. Түскен кезде травматический шок 1-ші степень болды.
А. Төребекқызы