Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Мекке мен Медина қаласына жолдама алған 50-ге жуық азамат алаяқтарға алданды

AstanaTV
31.01.2023ж. 11:32
2164
Мекке мен Медина қаласына жолдама алған 50-ге жуық азамат алаяқтарға алданды

26 қаңтарда Еңбекші АПБ-на алаяқтық жайты бойынша ерлі-зайыптылар арызданған. Олар қасиетті мекен Сауд Арабиясына баруға "Каусар-травел" туристік агенттігі жолдама уәде еткенін жеткізді. Олар өз қызметін 1 000 000 теңгеге бағалаған.

Алайда, 13 қаңтарда шетелге ұшуы керек болған отбасы уәде етілген әуе билеттері мен елден шығу визасын ала алмаған. Компания директоры телефон қоңырауына жауап бермепті. Жұмыс орнына іздеп барып, ол жерден де таба алмаған. 

Осындай арызбен турагенттіктің алаяқтық құрбаны болған тағы 48 адам полицияға жүгінді. Олар - Шымкент және Алматы қаласының тұрғындары. Келтірілген жалпы шығын көлемі - шамамен 33 миллион теңге.

Шымкент қалалық полиция департаментінің ақпаратынша, бұған қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және тәртіп сақшылары белгісіз бағытта жасырынған компания директорын іздестіруге кірісті. Оны іздеуге бес күн қажет болды. Жедел іс-шараларды өткізу барысында Еңбекші АПБ-ның криминалдық полиция қызметкерлері ер адамның Алматыда жасырынып жүргенін анықтады. Ол Медеу АПБ-ның әріптестерімен бірге жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды.

Қазіргі таңда күдікті сот шешімімен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция зардап шеккендердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.