Тасқын су салдарынан Түркістан облысының Сауран ауданында 7 балабақша жұмысын тоқтатып, 11 мектеп онлайн оқуға көшті. Сауран ауданында су кірген үйлердің саны 100-ден асты. Абай елді мекенінде 65, Үлгілі елді мекенінде 14, Бабайқорғанда 42 үйді су басқан. Сондай-ақ 100 – ден астам адам эвакуацияланды. Оның ішінде 57 кәмелет жасқа толмаған бала бар.
Тұрғын үйін тасқын суы басқан тұрғындарды жайғастыру үшін Бабайқорған, Абай, Үлгілі ауылындағы мектептерде орын дайындалды. Дегенмен, көпшілігі туыстарының үйін паналауда. Қазір аудан аумағында тасқын зардаптарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Құрамына төтенше жағдайлар қызметі мен өзге де сала мамандары енген жедел штаб құрылды.
Төтенше жағдайға байланысты Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 11 мектеп онлайн білім беру жүйесіне көшті. Жалпы 4 мыңға жуық оқушы қашықтан оқиды. Сондай-ақ, 7 балабақша төтенше жағдайға байланысты жұмысын уақытша тоқтатты.
Айта кетейік, Түркістан облысында жауға нөсер мен қардың еруі салдарынан бүгін таңертең бірнеше елді мекенді су басып қалды. Өңірде жедел желі іске қосылды. Сауран ауданында мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті.
Кейін Қызылорда мен Түркістан облыстарында ауа райының қолайсыздығынан автомобиль жолдарының бірқатар бөлігінде көлік қозғалысына шектеу қойылды.