Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келушілердің қарасы қалың

AstanaTV
03.11.2016ж. 20:00
2765
«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалында өткен қоғамдық қабылдауға келушілердің қарасы қалың

Баспана мәселесі, жұмыссыздық және әлеуметтік көмекке мұқтаждық. Бүгін «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізген облыс әкімінің орынбасары Жаңабай Бексарыға тұрғындардың дені осы мәселелерді айтып арызданды. Қоғамдық қабылдау барысында азаматтарға заң аясында құқықтық көмек, тиісті кеңестер берді. Мәселен, Ауған соғысының ардагері Таңатбек Нұршекеновты қоғамдық қабылдауға қызын жетелеп келді. Қос жанарынан айырылған ардагер биыл өкпе обырына душар болған. Ауылдан қоныс аударып, Ақтөбенің іргесіндегі саяжайлардың бірін паналап отырғанын айтты. Пәтер кезегіне 2014 жылы тіркеліпті. Бірақ, осы кезектің баяу жылжитындығына қобалжулы. Ал, 4 баланы өмірге әкеліп, бесінші сәбиіне аяғы ауыр Райхан Зарлықова балаларына қысқы киім алуға көмек сұрай келіпті.

Райхан Зарлықова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Үй кезегі - 7626, әлі қозғалатын түрі жоқ. Екінші мәселе, күрделі мәселе, 5 оқитын балам мен даярлық тобына баратын балам күзгі киіммен жүр. Қысқы киімдері жоқ. Екі жыл бұрын маған "Нұр Отан" партиясы көмек беріп еді. Бірінші классқа балаларым бара жатқанда балаларымды киіндіріп еді.

Облыс әкімінің орынбасары жағдайға қаныққан соң балаларға дереу жәрдем берілетіндігін жеткізді. Ал пәтер кезегі тек заң шеңберінде қалыптасатындығын айтып, баспаналы болуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар туралы мәлімет берді.

Жалпы, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келушілер қарасы көп. Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалдары ұйымдастырған қоғамдық қабылдауларға екі мыңдай адам келген. Олардың 21 пайызының мәселесі оң шешімін тапқан.

Жаңабай Бексары, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

«Нұр Отан» партиясының негізгі ұстанған саясаты - халық пен билік арасындағы байланыс үзілмеуі үшін, біздер осы жоспарлы түрде ай сайын, бірнеше ай сайын қоғамдық қабылдау ұйымдастырамыз. Бұл негізінен халыққа берілген мүмкіндік.