Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Сенат үш жылдық бюджет жоспарын мәжіліске қайтарды

AstanaTV
17.11.2016ж. 20:00
2614
Сенат үш жылдық бюджет жоспарын мәжіліске қайтарды

Сенат 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын мәжіліске кері қайтарды. Депутаттар, жобаларды қаржыландыру, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы шалғай елді мекендерді сумен қамту, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды жөндеуге қаржы бөлуді қайта қарау қажет, деді. Сондай-ақ тұрғын үйлерге қаражат бөлуді ұсынды. Республикалық бюджеттен «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуға тиісті қаржы бөліну керектігін айтты. 

Бюджет жобасы бойынша республикалық бюджет шығыстары 2017 жылы 8 трлн 563 млрд теңге, 2018 жылы 8 трлн 368 млрд теңге және 2019 жылы 8 трлн 746 млрд теңге көлемінде. Әлеуметтiк салаға 11 трлн 667,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Денсаулық сақтау саласына 3 трлн 189,9 млрд теңге жұмсалмақ. Білім беру саласын қаржыландыруға 972,9 млрд теңге, ал мәдениет пен спортты дамытуға алдағы үш жылда 179,3 млрд теңге бағытталады. Республикалық бюджеттің кірістері 2017 жылы 4 трлн 338,2 млрд, 2018 жылы 4,5 трлн, ал 2019 жылы 4 трлн 877,2 млрд теңге сомасында болжанған. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" шеңберінде жылына 47 мың азамат жұмыспен қамтылатынын айтты. Алдағы жылдары экспорт пен импорт көрсеткіштері де артпақ.