$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Елімізде бензин дефициті пайда болды

AstanaTV
21.11.2016ж. 20:00
3772
Елімізде бензин дефициті пайда болды

Шымкент пен Петропавлда кейбір жанармай бекеттері өнімді талонмен ғана босатып жатыр. Олар ауа райының қолайсыздығын алға тартады, енді бірі сұйық отын тапшылығын мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарымен байланыстырып отыр.  

Қызылжарда сенбі-жексенбі күндері «Қазмұнайгаз» бен «Шельф» май құю орталықтары өнімді тек талонмен ғана босатты. Құзырлы орган өкілдері бұл жағдайға бензиннің аймаққа дер кезінде жеткізілмеуі себеп болғанын айтып отыр. Дегенмен, соңғысында АИ-92 маркалы сұйық отын әлі де тапшы. Олар қазір бір қолға 20 литрден ғана беріп жатыр.

Мұрат Нұрқанов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы:

Оның себебі, біріншіден, Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеуден кейін қайтадан жұмыс істегені және қарашаның көлемдері жаңа ғана жіберіліп жатыр. Екіншіден, олардың өзіне алған міндеттемелері бар. Мекемелердің алдындағы міндеттемелерін орындау бойынша.

АИ-92 маркалы бензиннің тапшылығы Шымкентте де байқалды. Бүгін таңертең кейбір май құю бекеттері жанармайды 1 мың теңгеге ғана құйған. Түс ауа мұндай шектеу алынып тасталды. Ал қайсыбірінде тек талонмен ғана босатылуда.

Константин Гавшев, көлік жүргізушісі:

Бензинім бітіп жатқандықтан, құйып алайын деп барсам, 2 мың теңгеге ғана құямыз деді. Келесі бекетте ондай шектеу жоқ екен, бірер күнде үнемдеуге көшуіміз мүмкін деді. Айтуларынша, мұнай өңдеу зауыты әлі бензин беріп жатқан жоқ.

Оңтүстік өңірінде бензиннің бір айлық қажеттілік мөлшері 25 мың тонна. Бірақ, осы айда жергілікті жанармай құю бекеттері өнімнің тек жартысымен ғана қамтылған. Жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров бұл тапшылықты Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының таяуда ғана ашылғанымен байланыстырып отыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Сұйық отынның бағасы да өскен. Оған аяздың себебі болды, дейді Энергетика министрлігі Қазақстанда бензиннің 102 мың тоннасы сақталған, жанармай қоры жеткілікті деп сендіреді. Демек, тапшылық проблемасы жойылған көрінеді. Ал баға мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр. Қыс жаңа басталды.