$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жекешелендіру науқанында жалпы құны 88 миллиард теңгенің 359 нысаны сатылған

AstanaTV
06.12.2016ж. 20:00
2883
Жекешелендіру науқанында жалпы құны 88 миллиард теңгенің 359 нысаны сатылған

2017-2019 жылдары елімізде 1630 мектепке дейінгі мекеме ашылмақ. Оның жартысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы жүзеге асуы тиіс. Алайда аталған жобалар үкімет басшысының тарапынан сынға ұшырады.  Бақытжан Сағынтаев оларды «ұзатылуға дайын, бірақ алатын ешкім жоқ қыздың» кебiн киiп отыр деді. Осы бағыттағы жұмысқа қарқын қосып, кедергi болып отырған мәселелердi жылдам шешудi тапсырды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Қыз ұзатылуға дайын, бiрақ алатын ешкiм жоқ деп айтып жатады ғой, тура соның кебiн киiп отырмыз. Қанша жыл осы туралы айтып келеміз. Заңды да өзгертіп жатырмыз. Үлкен жұмыс атқарылды. 300-ге жуық жоба бар. Шағын жобалар жарты жыл қарастырылады. Типтiк жоба болса, жылдам шешуге болады ғой. Мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк аясында жұмыс iстегiсi келетiн инвесторларды жинап, оларға не кедергi екенiн сұрау керек.

2016 жылғы 11 айдың қорытындысына сай жекешелендіру науқанында 88 миллиард теңгенің 359 нысаны сатылған. Оның 8 миллиард теңгесі 22 нысан сатқан республикалық бюджетке тиесілі. 182 нысанды сатудан түскен  5.8 миллиард теңге коммуналдық меншіктің үлесінде. Ұлттық компаниялар мен холдингтер 67,5 миллиард теңгеге 63 нысан сатқан. Әлеуметтік-кәсіпкерлік  корпорациялар 6,7 миллиард теңгеге 92 нысан саудалапты.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарайтын компаниялардың акциялары IPO арқылы сатылады. Қор басшысы Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, «Эйр Астана» акциясының 51 пайызы қазақстандық инвесторларда қалуы тиіс. «Қазақтелекомның» 49 пайызы жеке меншікте. «ҚазАтомӨнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго»  компанияларының 25 пайыз акциясы саудаға шығады. «Қазпошта» IPO-ны 2019 жылы 49 пайызға дейін өткізуі мүмкін. «Қазақстан теміржолы» акциясының сатылымға шығатын көлемі 25-49 пайыз.

Ал мүлікті заңдастыру бойынша 4 триллион теңге жария етілген. Оның 1,1 триллионы мүлік, 2,9 триллион теңгесі ақша. Науқанның аяқталуына айға жуық уақыт қалды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Шетелдегі мүлік бойынша, егер жыл басында жария етілген мүлік құны 38 объект бойынша 1 млрд теңгені құраған болса, бүгінде бұл сома 16,6 млрд теңгеге дейін жетті. Ал объектілердің саны 300-ге жақындады. Яғни жылдың басынан жария етілген объектілердің саны сегіз есеге, құны он алты есеге ұлғайды. Ал мүлік жария етілген шет елдердің саны 9-дан 26-ға дейін өсті.