Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қалың қар еріп, жауын-шашын көбейеді

AstanaTV
03.02.2023ж. 20:00
1544
Қалың қар еріп, жауын-шашын көбейеді

Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері еліміздің біраз өңірінде күн жылынады. Қалың қар еріп, жауын-шашын көбейеді. Сондықтан өзге аймақтарда да су тасқыны қаупі жоғарыламақ. Оған дайындық қалай? Өңірлердегі тілшілерімізге сөз берейік.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбе облысында 12 аумақ қауіпті деп белгіленген. Ол қала ішіндегі өзен көлдің маңы және Ойыл, Темір, Әйтеке би, Ырғыз және Мәртөк аудандарында.

Құмар ТҰРМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Осы 12 елдімекен ішінде нақты қауіпті орындар белгіленіп, осы орындарға жауапты мердігерлер тіркеліп осылардың техника күштері анықталып жатыр. Қазір жердің бетінде қардың астында мұз тұр екен. Себебі қаңтар айында жаңбыр болып соның бәрі қатып қалды. Егер де ауа-райы күрт өзгеріп күні-түні нөлден жоғары болса судың ағу қаупі өте жоғары.

Су тасқынына бірден бір себеп ауа райының күрт жылынуы мен қардың тез еруі болып тұр. Өйткені Ақтөбе облысында биыл қар қалың түскен. Топырақ қабатында тоң қату тереңдігі қалың және күзде түскен жердің ылғалдығы да жоғары сондықтан облыс су тасқыны қаупі бар аумақтар қатарында. Қазір су қоймалары да бақылауға алынған.

Ұлғаным ШАМИЛОВА, «ҚАЗСУШАР» РМ АФ ИНЖЕНЕР-МЕТРОЛОГЫ:

Ақтөбе су қоймасының 32 млн кубометр су бар. Яғни 54 пайыз. Қарғалы су қоймасы 95 млн кубометр су 32 пайыз, Сазды су қоймасы 3 млн, яғни 41 пайызды құрайды. Көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстар жасалып жатыр.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Қазір өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына дайындық жүріп жатыр. Арнайы техника, қайық, барлығы дайын. Өңірде 14 мыңға жуық адамға арналған эвакуациялық бекеттер әзірленген.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша Тобыл өңіріндегі тоқсан елдімекенді су басу қаупі бар. Әсіресе облыстың оңтүстігі мен шығысындағы Арқалық, Әулиекөл, Наурызым, Аманкелді, Жанкелдин, Қарасу сынды аудандары су тасқынына тап болуы мүмкін.

Аймақта барлығы тоқсан сегіз гидротехникалық нысан бар. Оның он екісінің тозығы жеткен. Жетеуі – апаттық жағдайда. Судың екпініне шыдас бермеуі мүмкін дейді мамандар. Қапыда қалмау үшін ерте қамданып,тиісті мекемелерге тапсырма жүктелді.Наурыз айынан бастап мұз жару, қардың қалыңдығын қадағалау сынды жұмыстар жүргізіледі.

Азамат ОРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ:

Бөгеттер арнайы қадағалауға алынады.Су тасқыны кезеңі басталған кезде ол жерлерге қызметкерлер бөлініп, тәулік бойы қарау жұмыстарын міндетті түрде жүргіземіз.

Биыл қаладағы қар былтырғыға қарағанда екі есе қалың. Әсіресе Тобыл өзені маңындағы жеке сектор ақ ұлпаға көмілді. Су басу қаупі бар аумақта шамамен 400 –ге тарта тұрғын үй бар. 1500-ге жуық адам мекендейді.Бұл маңайды Әбілсай арқылы келетін қар суы басуы мүмкін.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Биыл қарды жақсы тазартып жатыр. Бәрі жақсы. Сондықтан уайымдап, алаңдап отырған жоқпыз.

- Қар суынан қауіп жоқ. Менің ойымша Ресей жақтан келетін өзен суынан қатер болуы мүмкін.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Ақпан-наурыз айындағы жауын-шашын, қардың түсуіне байланысты және қазгидрометтің ақпаратына сәйкес тасқынға тосқауыл жоспары құрылмақ. Өткен жылғы көктемде ешқандай елдімекенді су басқан жоқ.Тек кейбір жолдарды қар суы шайып кетті дейді департамент басшылығы. Ауа райы күрт жылынып кетпесе, бұл жолы да тасқыннан зардап бола қоймас деп болжап отыр.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Алматы да су тасқыны қаупі жоғары өңір ретінде бағаланып отыр. Синоптиктер «биыл мегаполисте көктем ерте шығады» деп болжайды. Наурыз айының басында қар еріп, ауа температурасы +15 градусқа дейін көтерілмек.

Алатаудың баурайында орналасқан әсем қала Алматы үшін су тасқыны, тау көшкіні мен сел жүру қашан да өзекті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарғалы өзенінде су деңгейі көтеріліп, тасқыннан біраз үй зардап шекті. Тұрғындарда биыл да үрей бар.

Сұлуман ШІКАМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Хабарлаған кезде документтерімізді, бала-шағамызды алып, продуктымызды алып, төбеге шығып кеткен күніміз болған. Өйткені, Чапай жақтан келіп жатыр ғой машиналар. Бізге де келіп қала ма деген қауіппенен сыртқа шығып кеткен күніміз бар. Сол су келіп қалады деп. Биыл қар қалыңдау.

Дегенмен, жауаптылар «алаңдауға негіз жоқ» дейді. Мониторинг барысында 102 қауіпті орын анықталған. 62 мекенжай бойынша арық желілерін салу және қайта құру жұмыстары аяқталды.

Алмат ЖАНЫСПАЕВ, АЛМАТЫ қ. ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

1609 адамнан тұратын күштер мен құралдар топтастырылған. Сондай-ақ 618 түрлі мақсаттағы техника, 85 мотопомпа және 99 автономды электр станциясы бар.

Сонымен қатар сең жүруді, мұз кептелісінен және жауын-шашынның көп мөлшерде түсуінен туындайтын мұздық тасқынын болдырмау үшін өзен арналары қатаң тексерілуде.

Самат ДӘУЛЕНҚАНОВ, «ҚАЗСЕЛДЕНҚОРҒАУ» ММ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Биыл 7 қар көшкінінің алдын ала түсірілуін жүргіздік. Жалпы түскен қардың массасы 3000 текше метрді құрайды. Өзендердің бойына мобильді посттар қойылды.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Ақсай және Қарғалы өзені алабына су тасқынын болдырмауға ерекше мән беріліп отыр. Қазір мұндағы қар жамылғысының биіктігі 120 см-ге дейін барады. «Су деңгейінің көтерілуі байқалмайды, бәрі қалыпты» дейді мамандар.

Б. Рахметова