Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қазақстандықтардың алғашқы легі қажылық сапарға аттанды

AstanaTV
01.09.2016ж. 20:00
2021
Қазақстандықтардың алғашқы легі қажылық сапарға аттанды

Қажылық сапар басталды. Бүгін Шымкент пен Астанадан жүздеген адам қасиетті мекенге аттанды. Билеттің құны теңгеге шаққанда көтерілгенімен, қажылыққа аттанатындар саны азайған жоқ. Дегенмен биыл квота өткен жылғыдан 2 мыңға кем. 

Шымкент әуежайы. Кеше бұл жерден 400 адам қажылыққа аттаған. Бүгін де сонша адам қасиетті мекенге жол тартпақ. Мамандардың айтуынша, қажылыққа аттанатындардың үштен бір бөлігі осы оңтүстік өңірлерден. 

Ахметжан Керімбек, ҚМДБ ОҚО өкіл имамы:

Иншалла бұл қажыларымыз өткен жылы Алматы қаласынан ихрам киіп шыққан болса, биыл осы Шымкент қаласынан да ихрам киіп шығып отыр. Яғни ихрам киіп шығатындар осы жерден ұшатын ұшақ Жидда қаласына бір-ақ барып түседі. Демек ол ихрам киюге міндетті болған шекараға кіретін аэропорт болып саналады. Сондықтан да осы ұшақ көтерілген кезде ихрамда болу керек болады.

Өткен жылы Қазақстанға 5000 орын бөлінген болатын, бұл жолдаманы қолданғандардың саны орта есеппен 4000-4500 адамды құраған. Биыл квота саны 3000-ға қысқарып толықтай қамтылып отыр. Қажылық сапардың құнына тоқталатын болсақ, орташа бағам сақталған, яғни 3500 АҚШ доллары. 2015 жылы 1 қыркүйекте  1 доллар 237,66 теңгені құраса биыл 340,1 теңгеге тең. Ұлттық валютаға шаққанда 2015 жылғы қажылық 831810 теңгені құраса, 2016 жылы 1 190 350-ге жетіп отыр.

Наурызбай Тағанұлы, «Нұр Астана» мешітінің  бас имамы:

ҚМДБ-ның 55 адамына арнайы миссияның киімі тіктірілді. Ағылшын тілінде жазылған. Миссия деген кім? Қызмет жасаушы адамдар. Оларға көп жерлерде рұқсат беріледі. Кей жерлерде қарапайым адамдар өтпейтін жерлер болады. Ал миссияның құжаты бар адамдарға рұқсат етіледі. Өйткені бір жағдайлар орын алса, барып көмектесу үшін.

Биылғы қажылық сапардың тағы бір жаңалығы - тікелей сапардың ашылуы. Астана, Алматы, Шымкент қаласынан бағыт алған отандастарымыз бес жарым сағатта діттеген жерлеріне жетеді. Әуел баста Сауд Арабиясы мен қазақстандық әуе компанияларының арасында келісім жасалған. Бірақ біздің ұлттық компаниядағы борт жетіспеушілігіне байланысты тасымал тоқтатылған. Ал биыл турфирмалар арасында ашық байқау өтті. Сапарды ұйымдастыратын 20 компанияның тек жартысы қатаң іріктеуден өткен. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ