Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Соғыс жылдарында қылмыстық топтарды жоюға қатысқан адамдарға жеңілдіктер беріледі

AstanaTV
07.09.2016ж. 20:00
2146
Соғыс жылдарында қылмыстық топтарды жоюға қатысқан адамдарға жеңілдіктер беріледі

Екінші сессиясын бастаған алтыншы шақырылымдағы Мәжіліс алғашқы жиынын өткізді. Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар жаңашылдықтар орын алғаны байқалды. Атап айтқанда, Мәжіліс жұмысы ендігі жерде барынша ашық бола түспек. Мәселен, саяси партиялар фракциясы атынан сөз сұраған депутаттық бірлестіктердің мүшелеріне немесе депутаттық топтарға, талқылау аяқталып қалса да, міндетті түрде сөз беріледі.

Бүгінгі жиында қаралған мәселенің бірі ардагерлерге қатысты болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қылмыстық топтарды жою операцияларына қатысқан Қазақстан азаматтары шетелге барып тұрса, оларға сол елдің ардагерлеріне арналған жеңілдіктер төленеді. Тиісті заң жобасын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова таныстырды. Келісімге сай, шетелдің ардагері ықтияр хатпен Қазақстанда тұрып жатса, ол біздің елдің барлық әлеуметтік жеңілдіктерін алады. Сондай-ақ қазақстандық ардагерлер де уақытша өзге елге қоныс аударса, сол елдің заңнамасына сай, жәрдемақыларға қол жеткізеді. 1994 жылы ТМД-ның 12 мемлекеті арасында қабылданған құжатқа еліміз алғаш рет осындай өзгеріс енгізіп отыр.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Қазақстанда 29 адам бар. Біз ол азаматтарды ҰОС адрагерлері қатарына енгізіп, 1999 жылдан бері қажетті әлеуметтік төлемдер төлеп келе жатқанбыз. Енді сол азаматтарды басқа мемлекеттерге барған кезде тура осындай жеңілдіктер көрсету үшін қостық. Бұл Қазақстанның бастамасы. Енді ол азаматтар тура сол жеңілдіктерді басқа мемлекеттерде алу мүмкіндігіне ие болып отыр.