$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ми-8 тікұшағы апатында зардап шеккен мұнайшылар үйлеріне шығарылды

AstanaTV
08.09.2016ж. 20:00
2800
Ми-8 тікұшағы апатында зардап шеккен мұнайшылар үйлеріне шығарылды

Инвестициялар және даму министрлігі Ми-8 тікұшағының апатқа ұшырауына не себеп болғанын анықтауды арнайы комиссияға тапсырған. Бұл туралы "Астана" арнасына Бас көлік прокуратурасы хабарлады. 

Асқар Ғалиасқаров, ҚР Бас көлік прокуратурасының өкілі:

Әуе кемесінде ұшуға және пайдалануға болатын мерзімі көрсетілген сертификаты бар. Ал экипажда ұшуға жіберілетін керекті куәліктері болады. Инвестициялар және даму министрлігінде осы апаттың себебін зерттейтін комиссия құрылды. Ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 344 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.

Ми-8 тікұшағы апатынан зардап шеккендер  ауруханадан шығарылды. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы Қызылорда қалалық ауруханасының дәрігері Расул Әлімбетов айтты. Апаттан зардап шеккен төрт мұнайшы ауруханаға жеткізілген болатын.

Жедел ем-дом шаралары жасалған: компьютерлік томография, ультрадыбыстық тексерулер қорытындысы, науқастардың жағдайын орташа дәреже деп көрсеткен. Зардап шеккендер басынан өткен төтенше жағдай туралы ақпарат беруден бас тартты. Белгілі болғаны, олар - Жезқазған қаласының тұрғындары.  Ақшабұлақ кен орнында жұмыс істейді.

Расул Әлімбетов, Қызылорда қалалық ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі:

Төрт науқаста жабық ми жарақаты, бас миының шайқалуы. Бір науқаста төртінші кеуде омыртқасының бірінші дәрежелі сынығы бар, бір науқаста тобық сүйегінің сынығы бар. Қалған науқастарда жеңіл-желпі жаралары бар. Қазіргі таңда науқастар өз елдеріне қайтқысы келіп отыр. Ем алып болғаннан кейін бүгін түстен кейін еліне қайтады.

Еске салайық, кеше "Евро Азия Эйр" әуе компаниясына қарасты Ми-8 тікұшағы Қарағанды облысы Ұлытау ауданында апатқа ұшырады. Көлік прокуратурасының дерегі бойынша, тікұшақ Кұмкөл мұнай айдау стансасынан Жезқазған қаласына бағыт алған. Ми-8-де вахталық әдіспен жұмыс істейтін КазТрансОйл компаниясы Жезқазған мұнай құбыры басқармасының 19 қызметкері мен 3 экипаж  мүшесі болған.

Шарипа САҚТАПОВА