Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Этностильдегі киімдерге сұраныс артқан

15.03.2023ж. 20:00
3121
Этностильдегі киімдерге сұраныс артқан

Соңғы жылдары киімге деген талғамы күрт өзгерді. Батыстың сән үлгісінен шаршағандықтан болар, ұлттық үлгідегі киімдер брендке айнала бастады. Тіпті кейбір элементтер шығыстың таңдаулы киімдеріне пайдалануда. Этно стильдегі киімдерді Әйкерім Пернебек киіп көрді.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Сәукеле, кимешек, қамзол, бүрмелі көйлек. Қазір ешкім оны күнделікті кимейді. Бірақ, соңғы кезде этно стиль сәнге айналып келеді. Қазір біз мына күнделікті киімді қазақи нақышқа келтіріп көреміз.

Айсұлу Құрманова - жас дизайнер. Ол өзінің шеберханасын 1 жыл бұрын ашып, тақия тігуден бастаған. Қазір ұлттық киімнің түр-түрін тігеді. «Басты мақсатым өзіміздің салт-дәстүр мен жаңашыл дүниелерді тоғыстырып, жастар сүйсіне киетін бұйымдарды жасау», - дейді шебер қыз.

Айсұлу ҚҰРМАНОВА, ДИЗАЙНЕР:

Негізі қазақта ежелден бас киімді қадір тұтқан ғой. Киелі деп санаған, оны жерге тастамаған аяқпен баспаған. Менің бас киімдерімнің ерекшелігі жастардың киуінде, жастардың қызығушылығында. Бұл жерде негізі менің ісімнің түбінде патриоттық сезім жатыр.

Соңғы жылдары этно стиль нағыз үрдіске айналды. Кәсіпкерлер Наурыз мерекесі қарсаңында тапсырыс тіпті артады дейді.

Құрбанкүл АХМЕТОВА, КӘСІПКЕР:

Күннен күнге сұраныс көбейіп кетті. Барлығы өзімізге қайтып келіп жатыр ғой. Өзіміздің оюлар, өзіміздің қажекейлер барлығын көріп тұрсыздар. Оған қуаныштымын. Және осы Наурыздың қарсаңында бізге ұжымдық тапсырыстар келіп жатыр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Менің байқағаным этно-стиль қатты дамып келе жатыр. Негізінде біз бұған дейін барлығы қазақи киімдерді қатты қадірлемеді ғой, оюлар ондай болған жоқ. Бірақ осындай ерекше стиль этно стильдің арқасында біздің қазақи киімдерді басқаларға көрсете аламыз, күнделікті өмірде киіп жүрсек ол тіпті керемет.

- Маған бір көргеннен өте қатты ұнады. Бұл заттарды басқа киімдермен әдемі етіп үйлестіруге келеді. Қыздар тақия және шашбаулар кие бастады. Өте әдемі көрінеді. Өзім де сатып алдым.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Міне, қазақи тақия, шифон матадан көйлек пен қажекей заманауи талапқа бейімделді. Бұндай образды наурыз мейрамына ғана емес, күнделікті жиындарға киюге де болады.