Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ерлан Қарин бір жыл ішінде болған басты бес өзгерісті атады

AstanaTV
16.03.2023ж. 10:05
886
Ерлан Қарин бір жыл ішінде болған басты бес өзгерісті атады

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бір жыл ішінде елімізде болған бес өзгерісті атап көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр 16-наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Содан бергі бір жылға жетпейтін уақытта бұрын-соңды Қазақстанда болмаған кең көлемді өзгеріс жасалды.

Біріншіден, 1995 жылдан бері алғаш рет жалпыұлттық рефендум өтті. Халқымыз конституциялық реформаға қолдау білдірді. Ата Заңдағы тоғыз тараудың сегізіне, 98 баптың 33-іне түзету енгізіліп, басты құжаттың үштен бірі жаңартылды. Сондай-ақ 7 конституциялық заңға, 15 кодекске және 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Екіншіден, жаңа саяси реформалар қолға алынды. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы саяси партияның мүшесі бола алмайды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгерді, олардың өкілеттігі күшейді. Конституциялық сот құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл ретте аталған сот мүшелерінің өкілеттік мерзімі Президент пен Парламент депутаттарына қарағанда ұзағырақ болады.

Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Нәтижесінде екі жаңа партия тіркелді. Осылайша, мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнады.

Үшіншіден, маңызды мемлекеттік институттарды жүйелі түрде қайта құру үдерісі аяқталып келеді. Президент және Сенат депутаттарының сайлауы өтті. 19-наурызда жаңа аралас жүйе (партиялық тізім мен бір мандатты округтер) бойынша Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттары сайланады.

Төртіншіден, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы да өзгерді. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшті.

Бесіншіден, мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы әріптестік орнату жұмысы жалғасты. Бабалар жолымен Ұлттық құрылтай шақырылуын осы бағыттағы ілкімді істердің дәлелі деуге болады. Оның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті, екінші отырысы киелі Түркістанда өтеді», - деп жазды Ерлан Тынымбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасына.

Оның пайымынша, ең бастысы, Президенттің бастамасымен іске асқан саяси реформалар ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту үдерісіне тың серпін берді. Сондай-ақ, азаматтардың белсенділігін арттыруға және олардың елімізді жан-жақты дамыту ісіне атсалысуына жол ашты.