Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Адасқан малшы аман табылды

AstanaTV
15.03.2023ж. 23:01
835
Адасқан малшы аман табылды

Қостанай облысында ауа райы күрт бұзылып кетуіне байланысты жылқысын қарауға шыққан Амангелді ауданының тұрғыны иен далада адасып кеткен. Дер кезінде көмекке келген жергілікті тұрғындар мен құтқарушылардың арқасында адасқан жылқышы аман есен табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Енді болған оқиғаға кеңінен тоқталсақ, наурыздың 14-і күні таңертең 37 жастағы Амангелді ауылының сыртында өрісте жүрген жылқыларынан көз жазып қалған жылқышы малын іздеуге бел буып үйінен шығып кетеді.Осылайша жоқ іздеп кеткен ауыл тұрғыны түн ортасына дейін үйіне оралмапты. Отбасы соңына дейін күтіп, ақыры ауа райының күрт бұзылуына байланысты отағасының хабарсыз кеткенін айтып дабыл қағады. Дер кезінде көмекке келген жергілікті тұрғындар мен құтқарушылар наурыздың 14-інен 15-іне қараған түні жедел іздестіру жұмыстарын бастайды.

«Бүгін түнгі сағат 00:30-да жергілікті төтенше жағдайлар қызметінің екі қызметкері мінген «Нива-БРОНТО» автокөлігі, полиция бөлімі жасақтары мен жергілікті тұрғындардан құрылған топ Амангелді ауылының төңірегіндегі 45 шақырым жерді толық шолып шықты. Нәтижесінде түнгі сағат 01:50-де сол ауданның Шөптікөл ауылынан 10 шақырым жердегі алқаптан жоқ іздеген жылқышы аман есен табылды. Оның денсаулығына ешбір зиян келмеген. Дін аман. Сондықтан оған медициналық көмек қажет болмады. Осылайша тұтас ауданды аяғынан тік тұрғызған жылқышы тұрғылықты жері бойынша Амангелді ауылындағы отбасына жеткізілді», - дейді Қостанай облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Уәлихан Дусанов.