Ішкі істер министрлігі мереке қарсаңында “Құқықтық тәртіп” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Қоғамдық тәртіпті сақтауға 18 мыңнан астам полиция қызметкері мен әскери қызметші жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, іс-шара басталғалы қылмыс деңгейі мен тіркелген қылмыс саны азайған. Сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылық 11%-ға, көшеде жасалған қылмыс 23%-ға төмендеген. "Алдын алу шарасы қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге баса назар аударылған" дейді - Айдос Рысбаев.
Айдос РЫСБАЕВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Жол жүрісін қадағалау кезінде 900-ге жуық жылдамдық режимін сақтамау дерегі, мас күйінде көлікті басқарудың 120-дан астам, жүргізу куәлігінен айырылған жүргізушілердің көлікті басқаруының 300-ден астам дерегі, қарсы жолаққа шығудың 80-ге жуық дерегі анықталды. 2 мың жаяу жүргінші жол жүрісі қағидаларын бұзған. Қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту, қылмысқа қарсы іс-қимыл және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.