Еуроодаққа мүше елдер Түркияға 7 млрд еуро көмек бөлмек. Бұл зілзаладан кейінгі жағдайды қалыпқа келтіруге жұмсалады. Мұндай мәлімдеме Еуроодақ елдерінің Брюссельде өткен арнайы жиын барысында айтылды.
Швецияның премьер-министрі Ульф Кристерссонның айтуынша, Түркиядағы апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету маңызды, үйсіз-күйсіз қалған, ертеңгі күнге үмітін жоғалтқан жұртқа бұл жәрдем ауадай қажет.
Бұған қоса, Еуропа зілзаладан кейін апатты аймақтарға 1500-ден астам құтқарушы жібергені белгілі болды. Дегенмен, Еуроодақ Түркияда адам құқықтары жеткілікті деңгейде сақталмайды деп айып тағуда.
Айта кетейік, Түркия мен Сирияда зілзала құрбандарының саны 56 мыңнан асқан. БҰҰ-ның деректері бойынша, жалпы шығын көлемі 100 млрд доллардан асып отыр.