$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Экстремизммен күрес...

AstanaTV
10.09.2016ж. 20:00
2020
Экстремизммен күрес...

Парламент Мәжілісіне экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі заңдарға түзетулер енгізетін заң жобасы түсті, жыл соңына дейін Президенттің қол қоюына жіберулері керек. Алдымен ұсынылған түзетулерге тоқталсақ:

· Үйіндегі адамдарды 10 күн ішінде тіркеуге қоймаған пәтер иесіне айыппұл салу;

· Ірі калибрлі қару қолдануға салынатын тыйымды қатаңдату, қосауыз мылтық пайдалануға мүлдем тыйым салу; 

· Қарулы көтеріліс үшін жаза мерзімін ұзарту, экстермистік топ құрып, басқарған адамның мүлкін де тәркілеу;  

· Терроризмге орай өлім жазасын қолдану; 

· Мешіт қабырғасынан тыс жердегі діни уағыздарға тыйым салу;

· Антитеррорлық операциялар кезінде интернет пен байланысты бұғаттау; 

 Сарапшылардың қатысуымен талқылау басталған, бірінші отырыста-ақ ұсыныстардың шикі тұстары көп екені айтылды. Саясаттанушы Досым Сәтпаев былай дейді:

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

Бұл заң жобасына күштік құрылымдардың лобби жасап отырғаны байқалады. Қатаңдату,тыйым салу, шектеу сынды шаралар көп. Экстремизммен, лаңкестікпен бұлай күреспейді. Жемқорлыққа қарсы сараптама керек. Қазіргі сараптаманы мемлекеттік құрылым жүргізді. Енді баламалы басқа топ өткізсін. Сосын екі сараптаманы салыстырамыз. Өйткені шенеуніктер бір бағытты қатаң бақылауға алса, бұл жемқорлыққа негіз болады.

Мысалмен түсіндірсек, туысқаны 10 күннен артық қонақтайтын қазақтар не істейді? Олар қонақтарын тіркеуге қойып, оны қайтадан шығарып жүре ме? Осындай сәттерде тексерушілер тарапынан пара дәмету болмайды деп кім айтты? 

Экстремизм – терроризммен күресті күшейту міндет екенін ешкім жоққа шығармайды. Тек біздің «ерекшеліктерге» байланысты белден басу, қорқыту, жемқорлық сияқты індеттер «жапырақ жая» түсе ме деп, сескенесің.

Негізі күресті күшейту керектігін мойындататын ауқымды факторлар ай сайын артып барады, ақпарат құралдары Тәжікстанның құқық қорғау органдары елден қашып кеткен Гулмурод Халимов «ДАИШ ұйымында әскери қолбасшы болды» деген ақпарды тексеріп жатқандарын жазды. Халимов қышлақтың қарапайым тұрғыны емес, милиция құрылымдарында тасы өрге домалаған, тіпті жоғары дәрежелі мемлекеттік шенеуніктерді күзетумен айналысатын президенттік гвардияда қызмет еткен. Күрең телпек киіп Рахмонның жанында тұрған суреті де бар. АҚШ-ң мемлекеттік департаментінің терроризммен күрес бағдарламасы бойынша Америкада білімін жетілдірген. Былтыр ол аяқ астынан жоғалып кетеді де, артынша желіде бейнежазба пайда болады: орыс тілінде ДАИШ-ке қосылғанын мәлімдейді. Онымен бірге Тәжікстанның кеден басқармасының баспасөз қызметінде жұмыс істеген екінші әйелі де кеткен.

Халимовтың «қызметінің» өсуі ДАИШ-ң посткеңестік кеңістікте белсенді әрекет етуіне бастауы мүмкін,- дейді кей сарапшы: ол өңірдегі мемлекеттердің кландық құрылымдарын жақсы біледі және тұрғындарының билікке наразылығын пайдалана алуы қиял емес...