$509.51 €570.6 ₽6.3
×

Адасқандар...

AstanaTV
10.09.2016ж. 20:00
3335
Адасқандар...

Жалпы, қасиетті дініміздің атын жамылған қасірет ағымдарды ауыздықтау үшін ми майданында да үлкен күрес жүргізу керектігін айтып, ақылсығымыз жоқ, тек уақыттың тапшылығын еске саламыз. Себебі ақпараттық технологиялардың заманында іріңнің жанға тарауы әп-сәтте. Оның үстіне бұқара дін жағынан сауатсыз, дәстүрлеріне берік емес, болмысы бөлінген, бір тілде ойламайтын, екінші жағынан әлеуметтік әділетсіздіктер мен жемқорлық шаршатқан қоғам мүшелері «берілгіш» келеді...

 Гүлсімнің историясы кішкене басқа, ол аш жүрмеген, ол театр актрисасы. Бірақ ...бірақ оның шаңырағы ортасына түсе жаздаған. Гүлсімнің монологы Дәуренбек Бағдәулеттің материалында.

Факт - діннен хабары жоқ қаншама адам «Құдай» деп аузын ашқандарды құдайындай көріп, соңынан ілесіп кете берді. Қазір олардың нақты санын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал, жорамалдар адам шошырлық...

Қайрат  Жолдыбайұлы, исламтанушы:

Біздің қоғамда салафизіммен уланғандар баршылық. 15 мың деп отыр. Бірақ мен көп деп ойлаймын одан. Бұған 14 жасқа дейінгілер кірмеген, әйелдер де кірмеген. Енді, солардың әр бірі жылына бір жақын жиенін, туысын, досының санасын улайтын болса, ол келер жылы 30 мың болады, кейін 90 мың, 120 мың болады, кете береді.

Исламтанушы ғалымның сөзінше қоғамның ұлтқа, тілге, тіпті қажет десеңіз ру мен партияға бөлінуі түкке тұрғысыз, себебі ең үлкен қауіп дінге бөлінуі. Дін адамның жан дүниесіне барып тірелетіндіктен, егер адам теріс бағытты ұстанса туған туыстарынан, ата анасынан қол үзіп, тіпті туған бауыр еті баласын «жау» көруі мүмкін. Мұны бір кезде теріс ағым жетегінде кетіп бара жатып, есін жиған Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлсім Қаратаева да растап отыр.

Гүлсім Қаратаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Онда айтады сен жалғыз қара басың үшін жауап бересің, яғни сенде бауыр жоқ, туыс жоқ, отбасы жоқ, тіпті баланың өзін жат қылып жіберді. Сен қара басыңды алдағы өмірге дайындау керексің дейді, соған мықты кіріп кеттім.

Гүлсім есін дер кезінде жиып үлгерген қайта, ал, есін тар қапасқа тоғытылғаннан кейін ғана біліп, бүгінде бармақ тістеп отырғандар қаншама? Солардың бірі белгілі терроршы Саид Буряцкийдің ілімін тыңдап, ауған жеріне соғысқа аттанып, кейін қолға түсіп, 2009 жылы терроризім бабы бойынша түрмеге қамалып, 7 жыл уақытын сонда өткізіп, тек, биыл сәуірде бостандыққа шыққан шымкент тұрғыны. Шартты түрде Марат дейік. Әйтпесе өзі аты-жөнін атағысы келмейді, түрін де көрсетпейді.

Шымкент қаласының тұрғыны:

Басында бір екі уағыздарын тыңдап көрдім,көбінде келіңдер мұсұлмандарға көмек керек деп солтүстік кавказға шақырды. Басында ойладым,кейін бір екі клиптерін көріп, сезімге беріліп кеттім. Сосын мұсылман еліне көмек керек екен деп сезімге беріліп ойлай бастадым. Халифа Алтайдың «Тәуба» сүресін оқып, тәпсірін кейін түрмеге отырған соң ғана түсіндім. Оған дейін түсінбегем...

1986-жылы туған  Тимур Болатұлының да басынан кешкені осы, үйленген, отбасы бар, алайда бір-ақ күнде бәрін тастап кеткен  ол – қылмыстық кодекстің "терроризм" бабы бойынша 3 жыл 6 айға сотталып, қазір ғана түсініп отыр бәрін.

Тимур Болатұлы, жазасын өтеуші:

Мына араб мемлекеттерінің шейхтары қандай пікір ұстанатынын тыңдап, Арабша білмегендіктен аудармасын тыңдап жүрдім. Назар аудармадық ілім білімі бар ма әлде өз өзін білімді деп есептейтін адам ба, тек қана сол соғысқа үгіттеп, фатуасын дұрыс беріп жатыр деп соны ғана тыңдайтынбыз.

Тимурдың анасы болса балам дінге бет бұрды деп ойлап, оның соғыс болып жатқан елдерге барғысы кеп құмартып жүргенінен, кім үшін, не үшін екені белгісіз, әйтеуір дін үшін деген желеумен соғысқысы келгенінен бейхабар болған.

Тимурдың анасы:

Шейхтарды тыңдап шет елдегілер білімі күшті деп санап, солардың пікіріне сүйеніп, балам дұрыс түсінбей жолдан тайып кетті дейін ба, бізде сол ғой өзі шет елдіктер бізден ақылды, солар біледі деп ойлаймыз.

Бүгінде бір тұтас дініміз сан салаға бөлініп, әркім өзі білген жолын өз діні деп есептеп кетіп жатыр. Олар үшін сәлем салу харам, дәстүріміз харам, ата-анаңыз намаз оқымаса кәфір, ал, бұлардың сенімінде кәфірлер біздің жауымыз, оларды өлтірсең жәнәтқа барасың-мыс.

Қайрат  Жолдыбайұлы, исламтанушы:

Сәләфизім жаңағы ақыл ойды шектеу формуласы дедік қой? Сонда олар да бидғат деген ұғым бар,пайғамбардың заманында болмаған анау бидғат, мынау харам дейді. Сосын кеңестік кезеңнен жаңа шыққан біздің қоғамды түсінбей анау Арабиядағы заңнамаларды енгізгісі келеді.Соның нәтижесінде қоғамнан тіл табыса алмай туыстарынан бөлініп, достарымен ұрсып, қоғамнан бөлініп қалады. Кейін мыналар тозақтық деп ойлап,адамдарды жау көреді, әйелімен де ажырасады, жұмысынан да шығып қалады. Кең дүниені тар қапас қылып алады бұлар. Енді қапас қып  алғандықтан олар тез кеткісі кеп тұрады бұл өмірден. Сөйтеді де депрессияда жүрген ол өз өзіне қол жұмсауға болмайды, жалғыз шешім өзін жаруға барады, Сирияға, анда-мында кетіп қалады.

Кетеді де сол жақтан өз жақтастарын табады,- дейді дінтанушы. Олар бір-бірін әсірелеп, көтермелеп, Алланың хақ жолында шейіт болғаннан артық бақыт жоқ деп ұғынады. Бұның барлығы діни сауаттың жоқтығынан дейді бастан кешкендер.

Гүлсім Қаратаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Мен өзім өнер адамымын. Театрда жүріп өлең оқимыз, ән айтамыз спектакль қоямыз.. Маған бұның барлығы қарама қайшы бола бастады.Ішімде күрес жүре бастады, мен не істеп жүрм деген ой келді, басқа жұпыны киім кию керек деген ой келді. Мен өзім дизайнерлікті ұнатамда сурет салам, кейін бәрі бос дүние боп көрінді.Сосын мен үйдің терезелерін мешітке ұқсатып салғым келді.Мынаны былай өзгерту керек,киімді былай кию керек де тіпті мен теледидарды шығарып тастағым келді. Балаларыма көрсеткім келмеді, тіпті теледидардың ішінде сөйлеп жатқандар маған шәйтан сияқты көрінетін.

Бір қызығы Гүлсімді ешкім үгіттемеген, оған насихат жасамаған, бар болғаны бір кітапты тауып алып оқып шығып, теріс ағымға тереңдей берген.

Гүлсім Қаратаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Мен бөтен екенімді сездім, жолдасымның бөтен екенін сездім, айналамдағылардың бөтен екенін сездім. Бұл сыртқы келбет емес, ішкі жан дүние. Бұлай жүре берсем, мен отбасымның тас-талқан болатынын сездім.

Бұл осыдан 10 жыл бұрын. Ал, бүгін ғаламтор қолжетімді, діндарлар өздерін қоғамда еркін ұстап жүргенде бұл тіпті қауіпті болуы мүмкін дейді имамдар. Сондықтан біліммен ілім іздесе, шынайы исламды іздесе мешітке келсе дейді олар.

Рашид Әбдуалиұлы, Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің найб-имамы:

Мешіт тек қана намаз оқып ораза тұтып бұл дүниеден бөлектеніп кету емес. Мешіт деген сөз ол тағлым мен тәрбие алатын, дұрыс түсінік қалыптастыратын мекен.Яғни құлшылық қылып, сабақ алатын оры. Егер намаз оқып үйренем деушілерге, сұрағы болар болса Құдайға шүкір бар мешітте арнайы сауат ашу кластары бар. Кейін олар елге қызмет етіп, дұрыс іліммен, дұрыс түсінікпен шығады.

Қазақстандағы қазіргі діни ахуал өте күрделі. Сөзіміздің дәйекті болуы үшін соңғы кездердегі деректерге назар аудара кетсек, 1999 жылғы 1-қаңтарда 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестіктер болса, 2003 жылдың 1-қаңтарында 3206 діни бірлестік жұмыс істеген. Кейін олардың саны  4551 –ге дейін көбейген. Қазір қайта тіркеуден өткендерінің саны үш мыңнан астам. Әсіресе дәстүрлі емес, тоталитарлық және десструктивті секталар мен радикальды діни ағымдардың кейбірі тіркелуді қажет деп таппайтындықтан, олардан зардап шеккендерді анықтау немесе оларды жауапқа тарту құзырлы органдарға өте қиын. Ең басты алаңдатушылық - діни ұйымдардың іліміне сенушілердің жылдам көбеюінде болып отыр.

Гүлсім Қаратаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Өзіміздің асыл дінімізді өзімізге қару етіп пайдаланып жатыр. Осыны түсіну керек.

Қоғамдағы қалың көпшіліктің айтатыны бір - дінімізді сауатты түсіндіру. Ізгілігінен айнымай. Ешқандай да "жарып жіберу", ылаң салу туралы әңгімесі жоқ. Ешкімді дұшпан көрмейтін. Ерте ме, кеш пе, жаралған адамзат баласы жаратқанды танып білуге асығатыны сөзсіз. Сондықтан бала дінді білуге құмартса оның бетін қағып, ұрсып, жекіп тастауға болмайды. Мешіттерде, тікелей имамдардан тәлім алғаны абзал. Рас, жауаптардың қанағаттандыру деңгейі туралы пікірталас бар. Бірақ астыртын, күмәнді ұйымдармен байланысқаннан мың есе артық.