Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

«Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау шараларын күшейтуіміз қажет», - Қ.Тоқаев

29.03.2023ж. 18:00
1164
«Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау шараларын күшейтуіміз қажет», - Қ.Тоқаев

«Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау шараларын күшейту қажет». Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясында айтты. Жалпы әлеуметтік саланың әлеуетін көтеру бағытында айтылған бастамаларды әріптесім Мөлдір Жақан тарқатады.

Елімізде ерекше қажеттілігі бар 700 мыңнан астам адам бар. Жанар Стамбакиева – Алматы қаласының тұрғыны. Қатты тұмауратып ауырған соң екі көзі көрмей қалған. Бүгінде оның 1-топтағы мүгедектігі бар. Тағдырдың тәлкегіне мойымаған әйел «әрекетке - берекет» деп, өз массаж салонын ашқан. Қол қусырып отырмай, еңбек етуге талпынады. Десе де, ерекше қажеттілігі бар адамдар ерекше қолдауға мұқтаж екендігін айтады.

Жанар СТАМБАКИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мүгедектерге көмек өте қажет. Біздің алатын ақшамыз өте аз. Ол жетпейді. Ризамын, қазір бұрынғыға қарағанда көп нәрселер жаңарып жатыр. Көмек келіп жатыр Үкіметтен. Менің өзімнің көмекшім бар. Оның да ақшасы көбейгені өте жақсы болар еді. Біз де адамбыз, біз де квартплата төлейміз, балаларымыз бар.

Сондай-ақ Президенттің айтуынша, отбасында асыраушысынан айырылған азаматтар да назардан тыс қалмауы керек. Мемлекет басшысы Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 процентке көбейтуді тапсырды. Тұрғындар Президенттің бүгінгі бастамаларын қолдап отыр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Бүгін Парламент отырысында Президент өте жақсы мәселелерді қозғады. Өте жақсы мүмкіндіктердің жасалатынын айтты. Атап айтқанда, бүгінде дәрігерлердің, мұғалімдердің дәрежесін көтеру керектігін атап өтті. Бұл өте жақсы бастама. Сонымен қатар, маған ұнағаны – естуші мемлекет және есеп беруші Үкімет бастамасы.

- Тағы да қозғалған өте жақсы мәселелердің бірі – бұл Ұлттық жоба мәселесі. Яғни, ұлттық жобаларды қолға алу. Сонымен қатар, алдағы бір бесжылдықтың ішінде шағын және орта бизнесті көтеру болып келеді. Бұлардың барлығы жастарға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын.

- Қаражат бөлінген дұрыс. Бірақ тек қаражатты ғана емес, жалпы инфраструктура жағынан сол мүгедек адамдардың жолдарын көшелердегі ыңғайластырып жасаған дұрыс деп ойлаймын. Ол да жүйелі түрде қарастырылған жөн деп санаймын.

- Қолдаймыз, ондай жақсы мәселелерді көтеру керек. Мәселелердің көтеріліп және орындалуы – ол Қазақстанның әрбір азаматының арманы да, мақсаты да деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы «білім беру жүйесін кешенді дамыту қажет» деді. Ұстаз мәртебесін, қоғамдағы беделін одан әрі арттыру керектігін айтты. Одан бөлек, медицина қызметкерлерінің заңмен қорғалуы маңыздылығын атап өтті.

Мақсат ЖАҚАУ, САЯСАТТАНУШЫ:

Осы уақытқа дейін медицина және білім саласының қызметкерлеріне көп жағдай жасалғанның өзінде әлі де болса жеткіліксіз деңгейлер көрініс табады. Себебі, әлі де болса үш ауысыммен оқып жатқан мектептер бар. Немесе жалақысы төмен медициналық қызметкерлер бар. Олардың жалақысының төмендігі бір жағынан медициналық көмек көрсету сапасына да кері әсер етеді. Сол себепті кешенді әлеуметтік бағдарламаларының қажеттілігін бүгін Президент депутаттардың алдағы уақытта қарастыратын мәселелері ретінде көрсеткен болатын.

Президент өз сөзінде кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керектігін атап өтті. Еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Әлеуметтік қолдау шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуі тиіс деді ол.