Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қызылордада үш күн қатарынан жел соғып, 24 нысан бүлінді

Қызылордада үш күн қатарынан жел соғып, 24 нысан бүлінді

Қызылордада табиғат тосын мінез танытты. Үш күн тоқтамастан жел соғып, ғимараттардың шатырын ұшырып әкетті. Электр сымдары үзілді. Ал бүгін мектеп оқушылары онлайн режимде оқып жатыр.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

3 күннен бері тоқтамай соққан жел көз аштырмады. Бүгін екпіні басылған. Қазір көп қабатты үйдің шатырында еркін тұрмын. Кеше көшенің өзінде жүру мүмкін болмаған. Дәл осы үйдің шатыры қайта жаңғырту жұмыстары негізінде жаңаланғанына көп болмады. Желдің екпініне шыдас бере алмады. Опырылып, жарымсыз болып қалды.

Титов қыстағындағы көпқабатты үйдің де сыйқы осы. Мұндағы тұрғындар қайта жаңғырту жұмыстарына 5 жылдан бері ақша төлеп келеміз дейді. Ал табиғаттың тосын мінезіне шыдас бермеген төбе жабындысы сапасыз болып шықты. Сондықтан жергілікті биліктен оны қайта қалпына келтіріп беруін талап етуде.

Алма ЕСЕКЕШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мынау крыша ма, крыша ма қаңылтыр ғой әшейін. Көзбояушылықпен істеп кеткен әншейін бізді үндемесін деп. Тағы 7 жылғы модернизацияға кіргізіп кеткен бізді. Салып берсін крышамызды. Қазір біздің мынандай қымбатшылықта модернизация төлеп, ешкім шатырын істете алмайды. Біздің үйдің тең жартысы, 50 проценті пенсионерлер мен инвалидтер.

Мамандардың айтуынша желдің жылдамдығы 24- 28 метр секундты құрайды. Әсерінен, бір сәтте көшелердің шаңын аспанға көтеріп, бас тіктеп жүру мүмкін болмай қалды. Облыс бойынша 24 нысанға залал келіп, бірнеше ғимарат шатырсыз қалды.

Ақайша СМАТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

7 білім беру нысандары, 9 әкімшілік ғимараты, әкімшілік мекемелер ғимараттары, 3 мәдениет нысандары және 2 көпбатты тұрғын үйге, 3 жеке тұрғын үйге қауіп келтірді, залал келтірді. Бүгінгі таңда осы келтірілген залалдардың шығындары есептелу мәселесі бойынша комиссиялар құрылып, аудан, қала көлемінде жұмыстар жүргізуде.

Табиғи құбылыс аймақтың электр жүйесінің де тозы жеткендігін аңғартты. Аудандарды былай қойғанда қала іргесіндегі бірнеше мөлтек ауданда сағаттап жарық болмады. Облыс бойынша 40-тан аса бағана құлап, Қармақшы ауданында бір электр торабы істен шықты. Ал Шиелі ауданында әлі де жарықсыз отырған ауыл бар.

Нұрбай ІЗТІЛЕУОВ, "ҚЫЗЫЛОРДА ЭЛЕКТР ТАРАТУ ТОРАПТАРЫ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тоғайда өрт болған. Сол өрттің әсерінен, біздің сол жердегі 10 квт электр желісінде ағаш бағана, 12 ағаш бағана өртеніп кеткен. Өзіміз темір бетон бағана қоямыз ол жерге. Азанда бригадамыз шықты. Құдай аласа, кешке дейін қосып береміз деп жатырмыз.

Мамандардың болжамы бойынша аймақта әлі де 2 күн жел тұрады. Ал апта соңында нөсер жауын күтілуде. Сондықтан төбе жабындылары ұшып кеткен тұрғын үй иелері мәселеміз сыйырқұйымшақтанып кетпесе екен деп тілеп отыр. Ал шығын көлемі өтеледі ме? Оны арнайы құрылған комиссия қорытындысынан кейін белгілі болмақ.