Adv pic
$476.89 €505.27 ₽4.95
×

Оралда 3 кәсіпорын 124 жұмысшысының жалақысын төлемеген

03.04.2023ж. 20:00
421
Оралда 3 кәсіпорын 124 жұмысшысының жалақысын төлемеген

Батыс Қазақстан облысында еңбек дауы көбеймесе азаяр емес. Заңгерлердің айтуынша бұған жұмысшы мен жұмыс беруші арасында келісімшарттың жоқтығы себеп. Ал бұдан қорғансыз қызметкер ғана емес, мемлекет те орасан зор зиян шегіп отыр. Тілшіміз толықтырады.

Галина Сереткина адал еңбегінің өтемін ала алмай жүрмін дейді. Құзырлы органдардан тауы шағылған әйелдің ендігі үміті - сотта.

Галина СЕРЁДКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Дүкенде бір жыл жұмыс істедім. Жалақысы жоғары басқа жерге ауысатынымды естіген қожайыным ақымды жегені аздай, «ұрысың» деп айыптап, мені қарабет қылды. Жалақымды бермеді, еңбек демалысының өтемақысын да төлемеді. Бір жылда мен сияқты қиналған талай адамды көрдім. Бірнеше ай тегін жұмыс істетеді де, шығарып жібереді. Бірақ мен тоқтамаймын. Қажет болса сотқа да жүгінемін!

Еркін КАРИН ТІЛШІ:

Қызметке тұрғанда әлде уақытша жұмыс тапсаңыз, жұмыс берушіден алдымен келісімшарт жасауды талап етіңіз. Арадағы уағдаластық заңмен бекітіліп, мөрленіп қағазға түсуі тиіс. Заңгерлер осылай дейді. Әйтпесе айтылған уәде сол күйінде қалып, айналып келгенде тиын-тебенді қанағат қылуыңыз мүмкін.

Заңгерлердің айтуынша, шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторийдің кесірінен құзырлы органдар да дәрменсіз. Бұдан жұмысшы ғана емес, мемлекетке келер зиян орасан. Өйткені табыстан түсер салық түгел төленбейді, зейнетақы аударымы да жасалмайды. Ал ел бюджетінің елеулі бөлігі салықтан құралады.

Павел КОЧЕТКОВ, ЗАҢГЕР:

Бізге күніне еңбек дауына қатысты 2-3 іс келеді. Кәсіпкерлер мораторийді жамылып, жұмысшының конституциялық құқын аяқасты қылып отыр. Мұны кезінде Еңбек министрлігіне де жаздық. Жағдайды түзейміз деп уәде бергенімен, өзгеріссіз қалды. Мұңын шаққан азаматтарды еңбек инспекциясына жолдаймыз. Олар мораторийді алға тартады. Егер олардың қолынан ештеме келмесе, бұл мекемені таратып жіберу керек. Бәрібір пайдасы жоқ қой.

Былтыр Еңбек инспекциясына 1 мыңнан астам тұрғыннан арыз түскен. Олар жалақының кешіктіріліп, еңбек шарты жасалмағанына әрі жұмыста қауіпсіздіктің сақталмағанына өкпелі. Заң бұзған кәсіпорындарға 50 миллион теңге айыппұл салыныпты.

Артур БАТЫРОВ, БҚО ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ:

2022-жыл мен 2021-жылдың өтініштерін салыстырсақ, 2022-жылы арыз-шағымдар 27% өсіп отыр. Себебін атап өтуге болады. Ол деген мына өткен жылдарда еңбек инспекциясымен әлеуметтік желілер, БАҚ-тарда түсіндіру жұмыстарының белсенді жүргізілуі болып табылады.

Дегенмен өңірдегі 3 кәсіпорын 124 жұмысшысына 50 млн. теңге айлығын әлі төлемепті. Қазір бұл кәсіпорындарға жалақы берешегін өтеу міндеттелген.