Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Теміртауда жылу бағасы 50 пайызға қымбаттауы мүмкін

AstanaTV
16.09.2016ж. 20:00
2795
Теміртауда жылу бағасы 50 пайызға қымбаттауы мүмкін

Теміртауда жылу бағасы шамамен 50 пайызға қымбаттауы мүмкін. Қаланы жылумен қамтып отырған «Оқжетпес Т» серіктестігі осындай ұсыныс дайындауда. Бұл құжат жақын арада табиғи монополияларды реттеу департаментіне жөнелтілмек. Коммуналдық мекеме шаһардағы құбыр жүйелерін алмастырып, қысты қиындықсыз өткізу үшін осындай қадамға баруды жөн көрген сыңайлы. Бұл мәселе алда өтетін қалалық мәслихаттың сессиясында қаралмақ. Теміртаулықтардың жылыту маусымына дайындығын біздің түсіру тобымыз бақылап қайтты.

Қалада қазір жылыту маусымына дайындық қызған. Құбырларды тексеру барысында 80-нен астам ақау табылыпты. Оларды жаңасына алмастыруға қажетті қаражат жоқ, сондықтан дәнекерленіп жатыр.

Айжан, Қуаш  тілші:

Теміртаудың жылу жүйесі 60-70 пайызға ескірген. Тозығы жеткен құбырларды айырбастауға қыруар қаражат қажет. Оған шамасы жетпеген коммуналдық мекемелер жөндеу жұмыстарымен шектелуде. Жылу маусымы болса, жақындап қалды. Ал, жөндеу жұмыстарының төрттен бір бөлігі әлі аяқталған жоқ.

Владислав Цай,  Теміртау қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы:

«Оқжетпес» серіктестігіне шамамен 40-50 млн теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Әзірге, кәсіпорын жөндеу жұмыстарын өзінің айналымдағы ақшасына жүргізіп жатыр. Дегенмен қиындықтар болады деп ойлаймын.

Айналымдағы ақша қаладағы жылу жүйесін жаңартуға жетпейді. Жанар-жағармай бағасы өскен соң қуат өндіретін «Арселор Миттал Теміртауға» қарасты 2-інші жылу электр стансасы бастапқы тарифті қымбаттатып жіберген. Ал, олардан жылу алып, тұрғындарға беретін "Оқжетпес Т" серіктестігінің басшылары болса, шығынға батып отырғанын айтты. Жылудың қазіргі құны 1 шаршы метрге 87 теңгеден есептелуде. Енді оны 130 теңгеге дейін өсіру мәселесі қаралып жатыр.

Сергей Пугачев, Теміртау қаласы «Оқжетпес Т» ЖШС бас инженері:

Тарифті тым болмаса, дұрыс жұмыс істеп, аздаған пайда табатындай көтеру керек. Әйтпесе, шығынға батамыз.

Теміртау қаласындағы көпқабатты нысандарға екі жылу орталығы жылу беріп келген. Оның бірінде қысқы маусымға дайындық аяқталған. Ал екіншісі 25 пайызға дайын емес. Энергетиктер мұның себебін керекті жабдықтармен қамтамасыз етілу мерзімінің кешеуілдеуімен түсіндіреді. Соған қарамастан, қазан айының басына дейін жұмыстарды толық аяқтаймыз деп отыр. Есесіне жылу электр стансасы сатылады деген қауесетті жоққа шығарды.

Владислав Вовнянко, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас энергетигі:

Жылу орталығы сатылмайды. Оны бірнеше қожайынға бөліп, қаржы құйып пайданану туралы жоспарымыз бар. Қондырғыларды түбегейлі жаңарту үшін де бірлескен жұмыстар керек. Оған енді шамамен 6 жылдай уақыт кетеді.

Осылайша, теміртаулықтар жылу құбырларына қажетті қаражат көзін қарастырып жатыр. Ал қарағандылық коммуналды қызмет қысқы маусымға әзірлікті ойдағыдай жүргізбеген 60 үйді жылу құбырларынан ағытып тастады. Олардың арасында көпқабатты үйлермен қатар орталық жүйеге қосылған жер үйлер де бар. Әлбетте ол үйлердің тұрғындары бұған наразы. Айта кетейік, аймақта жылыту маусымы әдетте қазанның ортасында басталады. 

Айжан ҚУАШ